Әдебиет

ИМАНАҚ ТАУЫНЫҢ БАУРАЙЫНДА

Баурайында тауының —Иманақтың,

Шымкенттен сапарлап, қонып жаттым.

Қонақжай, бауырмал адамдарды,

Рахат  інімменен мұнда таптым.

 

Түрткілеп кейбір ойлар санамдағы,

Келерде көңілім сәл алаңдады.

Жатырқамай, құшақ жая қарсы алып,

Сейілтті алаң ойды адамдары.

 

Бәрі жақсы, ешбірі жоқ жамандары,

Қуаныштан ұшқын атып жанарлары.

Сәлемдесіп, жақсы тілек айтып жатыр:

«Хош келіп, құтты болсын қадамдарың!»

 

Рахаттың алтын досы — Нұрлан екен,

Болмысы жаралған саф нұрдан екен.

Жұбайы — гүл жайнаған Мерекемен,

Өмірлік ақ отауын құрған екен.

 

Көңілге шабыт құйып жыр келеді,

Мұнда келген сапардың бір себебі:

Нұрланұлы Мамыржан атындағы,

Үлкен жарыс өткізбекші Сәкен елі.

 

Волейболдан жақсы ойнау келген қолдан,

Спортқа ізін салған тура жолдан,

Нұрлан інім арнайы тур өткізіп,

Арнады Мамыржанға марқұм болған.

 

Турнирде алып кетті бірінші орын,

Көрсетіп бір «Ұлытау» ойын зорын.

» Бидайық», «Жарық» сосын «Жаңаарқа» да,

Көбейтті клубының медаль қорын.

 

Биыл міне, бұл жарыс өткен екен,

Үшінші рет мақсатына жеткен екен.

Төртіншісін аудандық әкімшілік,

Өткізуді өзіне міндет еткен екен.

 

Бұл турнир асқақтатар абыройын,

Ауданның Жаңаарқада болған тойын.

Абыройы әкімдердің жерде қалмас,

Өткізсе волейболдан жарыс-ойын.

 

Шыңына Иманақтың шықтық бүгін,

Көтеріп «Сәкентану» — тарих жүгін.

Сәкеннің жасырынған үңгіртасы,

Ажыратып берді бізге тарих жігін.

 

Иманақ аралары сай менен жар,

Тарихта Сәкен жайлы көп дерек бар.

Дұшпаннан жасырынып жүргенінде,

Тапқан екен Сүмбілшаштай бір сұлу жар.

 

Иманақтың етегін жайлаған ел,

Қымыз пісіп, биелерді байлаған ел,

Аталады «Ынтымақ» деп жайсаң ауыл,

Ел бірлігін, ата-дәстүр сайлаған ел.

 

Сұрасаң: «— Қымыз дәмі қандай екен?»,

Нұрланның бұл қымызы балдай екен,

Қазы менен қымызының дәмі егіз,

Тіл үйірер жая менен жалдай екен.

 

Қымызы ішкен сайын бойды алады,

Жетелеп армандарға, ой салады.

Жаныңа ұялайды тәтті қиял,

Есіп өткен самалдай сай-саланы.

 

«Ынтымақтың» адамдары иман жүзді,

Қуанышпен қарсы алған күтіп бізді.

Қонаққа шақырысып кезек-кезек,

Бірінен соң бірі айтқан тілек ізгі.

 

Аман бол, «Ынтымағым» біз келгенше,

Қайта айналып дидарыңды бір көргенше.

Сағынысып, хабарымызды ап тұрайық,

Құшақтасып, көрісіп, қол бергенше.

Әбдінағым КӨШЕР,

Әлем халықтары Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, республикалық ақындар фестивалінің Гран-при иегері және лауреаты, Қазақстан республикасының Құрметті азаматы.

🥇Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңістері

Алдыңғы

Құрметті қала тұрғындары!

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *