Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет

  • 2013 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – ел мүддесі үшін аянбай еңбек етіп жүрген абзал жандардың адал қызметі мен ерен еңбегі ескеріліп, құрмет көрсетілетін ерекше мереке.

Мемлекеттік қызмет – жай ғана жұмыс емес. Бұл – халық пен билік арасын жалғаған алтын көпір. Бұл – жоғары жауапкершілікті, кәсібилікті, шынайы жанашырлық пен биік парасатты талап ететін абыройлы сала.

Бүгінде еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай жаңарып, дамып келеді. Адам капиталын тиімді пайдалану, цифрлық шешімдерді енгізу, ашықтық пен әділеттілік қағидаттарын орнықтыру бағытында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соның айқын айғағы — 2024–2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасының қабылдануы. Аталған стратегиялық құжатта: адалдық пен ашықтық, меритократия, икемділік пен инновация, үздіксіз кәсіби даму, клиентке бағдарлану, прагматизм, жауапкершілік пен есептілік сияқты құндылықтар нақты көрініс тапқан. Бұл – жай құжат емес, бұл – мемлекеттік қызметтің жаңа келбеті мен болашақ бағытын айқындайтын берік негіз.

Мемлекеттік қызметшінің басты байлығы – оның білімі мен білігі. Заманауи көзқарастағы, жан-жақты дамыған, іскер әрі ілтипатты маман ғана халық сенімінен шыға алады. Себебі олар – тапсырманы орындаушылар ғана емес, ел ертеңіне тікелей әсер ететін тұлғалар.

Осы мерекелі күні аудан әкімі Ұлан Әлдибекұлы Досымбеков мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, ел игілігі жолында сіңірген еңбектері үшін алғысын білдірді. Өз саласында үздік нәтижеге қол жеткізген мемлекеттік қызметшілер – Айнұр Оразханқызы Рысбекова мен Зәуре Сейталықызы Жабықбаева облыс әкімі Бейбіт Өкісікбайұлы Исабаевтың атынан арнайы марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар қызметкерлер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті мен аудан әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.

Бұл – елеулі еңбектің ескеріліп, шынайы жанашырлықтың лайықты бағаланғанының жарқын көрінісі.

Құрметті мемлекеттік қызметшілер! Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, қажырлы еңбек пен толағай табыстар тілейміз. Ел игілігі жолындағы абыройлы қызметтеріңіз әрдайым жемісті болғай!

Қобланды АБЕНОВ

Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының ардагері 100 жасқа толды

Алдыңғы

«СПОРТ ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ» ҰРАНЫМЕН БҰҚАРАЛЫҚ ЖҮГІРУ ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *