Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылдық округіне қарасты Амансай елді мекенінде жаңа мәдениет үйі ашылды. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов, аудандық мекеме басшылары, ауыл тұрғындары, мәдениет саласының қызметкерлері мен жастар қатысты.
Салтанатты шараны аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов ашып, ауыл халқын жаңа мәдениет ошағының ашылуымен құттықтады. Жалпы 150 орындық жаңа мәдениет үйінің ашылуы – ауылдың мәдени-рухани өмірінде ерекше орын алатын оқиға. Ғимарат заманауи талаптарға толықтай сай салынған және қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Онда түрлі мәдени іс-шаралар, шығармашылық үйірмелер, театрлық қойылымдар мен концерттер өткізуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына арналған кітапхана да мәдениет үйінің ішінен орын тапқан. Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылып, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Comments