Білім

ТҮРКІСТАН: БИЫЛ 33 МЫҢНАН АСТАМ ТҮЛЕК АТТЕСТАТ АЛАДЫ

Түркістан өңірінде мектеп бітіруші түлектердің аттестат тапсыру шараларына бақылау күшейтіледі. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынға білім басқармасы, полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылары, 17 аудан мен қала әкімдерінің орынбасарлары онлайн-офлайн форматта қатысты.
– 2024-2025 оқу жылында 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алса, оның 33 мыңнан астамы 11-сыныпты бітірді. Соңғы қоңырау кезінде тәртіп сақтау, түрлі құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырдыңыздар. Келесі кезекте аттестат тапсыру рәсімдерін мұқият қадағалау керек. Аттестат түлектерге тек мектептерде табысталады. Кеш өткізу бойынша зерделеу жүргізіңіздер. Ата-аналар, сынып жетекшілері, мектеп директорлары, кәсіпкерлерге заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіріп, келеңсіз жағдайларға тосқауыл қою қажет. Айыппұл салынатынын қатаң ескертіңіздер. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы бұл мәселеге баса мән беріп отыр. Тапсырмалар орындалмаған жағдайда шара көрілетінін еске саламыз, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Мәжілісте күн тәртібіндегі мәселеге қатысты баяндамалар тыңдалды. Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова мектеп бітіруші түлектерге аттестат тапсыру іс-шараларының өткізілуі туралы, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ермек Өсербаев құқықтық тәртіпті сақтау, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Дүйсен Оразгелді таулы аймақтарға серуенге шығу барысында және суға шомылу кезіндегі келеңсіз жағдайларды болдырмау, үгіт-насихат жүргізу жөнінде сөз сөйледі. Сонымен қатар облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Оразкүл Қолдасова кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің алдын алу жұмыстарына тоқталды. Төлеби, Түлкібас және Сайрам аудандары әкімдерінің орынбасарлары жоспарлар жайлы қосымша баяндады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары аттестат тапсыру рәсімін бекітілген ереже мен талаптарға сәйкес, қауіпсіз және тәртіпті жағдайда өткізу, жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, мектеп бітірушілердің қатысуымен болатын жиындарға бақылау орнату, мектепішілік және сынып жетекшілерінің оқушылармен тәрбиелік бағыттағы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

АДАМ ЖАНЫНЫҢ АРАШАСЫ – ҚОҒАМНЫҢ ҚҰНДЫ ҚАЗЫНАСЫ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАНДА ЖОЛ ЖАМЫЛҒЫЛАРЫН АЭРАЦИЯ ӘДІСІМЕН СУАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *