Мәдениет

ТҮРКІСТАНДА БІРЛІК ПЕН БЕРЕКЕНІҢ ҰЙЫТҚЫСЫНА АЙНАЛҒАН «САБАНТОЙ» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің «Сабантой» мерекелік іс-шарасы өтті.
Еңбек пен берекені, достық пен бірлікті ұлықтайтын, шаттық пен әнге толы ерекше мерекеге өңірдегі татар-башқұрт этномәдени бірлестігі мен еңбек, шығармашылық ұжымдарының өкілдері, сондай-ақ облыс тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Жиынға қатысушылар алдымен іс-шара аясында татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің көрмесін тамашалады.
Жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтаған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов пен облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюпов аталмыш мейрам осы өңірде тату-тәтті өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдерінің ортақ тойына айналғанын атап өтті.
«Сабантой» мейрамының тарихы тым тереңде. Нәпақасын еңбектен тапқан татар халқы көктемгі егіс науқанын осылай ойын-сауыққа ұластырған. Демек, сабантойды тойлаудың астарында егін бітік шықсын, жиын-терім мол болсын деген халықтың ақ тілегі мен арман-мұраты жатыр. Бұл жай ғана той емес, бейбітшілік сүйгіш адамзат баласының еңбек мерекесі іспетті.
– Сіздерді Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мерекесімен түспа-тұс аталып өтіп жатқан «Сабантой» мерекесімен баршаңызды құттықтаймын! Сабантой татар тілінен аударғанда «Жер өңдеу мерекесі» деген ұғымды білдіреді. Дәстүр бойынша татар халқы бұл мерекені жиын-терім көп болсын деген ырыммен тойлаған. Бүгінде заманауи реңкке ие болған мереке ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жауһарлары тізіміне енген. Бұл күні жас пен кәрі, дос пен бауыр бас қосып, қуанышпен бөліседі. Мереке баршаңызға құтты болсын! Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары.
Тағылымды шарада халықаралық фестивальдердің лауреаттары – Альбина Кармышева мен Айгүл Рахимова, облыстық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов, облыстық Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Сейдулла Садықов және облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Зикирулла Юсупов сөз сөйлеп, «Сабантойдың» елдің достығын нығайтудағы мән-маңыздылығына тоқталды.
Бірлікке үндеген мереке барысында татар-башқұрт халқының дәмі тіл үйіретін ұлттық асы ұсынылып, өнерпаздар әуелете ән салып, би биледі. Сондай-ақ ер жігіттің ерлігі сынға түсер спорттық ойындар ұйымдастырылды.
Шара соңында ала жаздай еңбек етіп, мол өнімге қол жеткізген еңбек озаттары мен өңірдегі этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар Ассамблея мүшелері «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиеваның атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

ІРІ ЕТ КОМБИНАТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛУҒА ЖАҚЫН

Алдыңғы

ХИМИЯ ПӘНІНЕН ПӘНДІК ТЕРМИНОЛОГИЯСЫН АҒЫЛШЫНША МЕҢГЕРТУДІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛДЕРІН ИГЕРГЕН МҰҒАЛІМ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *