Түркістан өңірінде пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды қайта өмірге бейімдеу, әлеуметтендіру және жұмыспен қамту шаралары тиісті деңгейде атқарылуда. Бүгін облыстық прокуратура ғимаратында пробация есебіндегі жаза өтеушілердің қайта қылмыс жасауына жол бермеу мен алдын алу, оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелері қаралды. Мәжіліс облыс прокурорының бірінші орынбасары Данияр Сыздықов төрағалығымен өтті.
Мекемеаралық жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД басшысының орынбасары Нұрлыбек Әлібекұлы, жауапты салалық басқармалар, Еңбек мобильділігі орталығы және микроқаржы ұйымдарының өкілдері қатысты. Бейнебайланыс арқылы 17 қала мен аудан әкімдері, полиция және пробация қызметі бөлімдерінің өкілдері қосылды.
— Өте маңызды мәселеге байланысты жиналдық. Құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы билікпен етене әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Дегенмен анықталған кемшіліктерді түзетіңіздер. Әсіресе қайта қылмысқа жол беру деректерін зерделеңіздер. Біздің міндет — есепте тұрған азаматтарды тек бақылау емес, әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсету, құқықбұзушылықты қайталамауына араша болу және оңалту екенін еске саламын. Тіркеудегі адамдарға және олардың отбасына жан-жақты көмек қолын созуға ешбір кедергі жоқ. Профилактикалық шараларды тоқтатпай, тұрақты түрде орындау қажет. Барлық ескертулер мен пікірлер хаттамаға енгізілді. Нәтиже күтеміз!, — деді Данияр Нұрділдаұлы.
Күн тәртібіндегі тақырыпқа байланысты облыс прокуратурасының басқарма бастығы Нарбек Мықтыбаев баяндама жасады. Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы Азамат Сейілбек, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Талқылау мен жиын қорытындысында Бейсенбай Дәулетұлы бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
— Пробация қызметі есебінде тұрған адамдардың тағы да заңбұзушылық жасамауына өкінішке қарай кепілдік жоқ. Ал оның негізгі себебі – әлеуметтік не отбасылық қиындықтардан туындайтыны белгілі. Сол себепті тізім қайта сараланып, жасақталуға тиіс. Соған сәйкес жауаптылар кесте бекітіп, аудандарды аралап, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндіруі керек. Өйткені өзгерістер болуы немесе бюрократиялық кедергілерге ұшырауы ықтимал. Мұндай бетпе-бет жүздесулер — олардың әлеуметтік ахуалын айқындайды, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, биылғы пробация қызметі есебінде тұрған азаматтардың саны – 1742. Оның ішінде 1500-ден астамы — ер азаматтар болса, 225-і әйелдер. Тізімдегі 230 адамның білімі жоғары. Қалғанының арнаулы орта және орта білімі бар. 256 азамат осал топқа жатады. Есепте тұрған 1212 адам жұмыспен қамтылса, 452-і жұмыссыз. 2025 жылы қаулыға сәйкес 130 мекемеде 194 квота берілген. 1 маусымдағы жағдай бойынша 81 мекемеге 128 адам жұмысқа орналасты. Жыл басынан бері өңірдегі шалғай елді мекендерде 42 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Нәтижесінде 436 адам аудандық, қалалық мансап орталықтарына жүгінді. Сондай-ақ 2 адам АӘК, 30 адам грант, 55 азамат Бастау бизнес сертификатын алды. Облыста 17 Отбасын қолдау орталығы ашылып, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтап, қолдау көрсетуде. Орталықтармен автоматтандырылған FSM Social мобильдік қосымшасы арқылы мұқтаж отбасылар анықталуда.
Comments