Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен көктемгі мерзімді әскерге шақыру жұмыстарының барысы туралы жиын өтті. Аудан басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру жөніндегі Жарлығына тоқталып, кәмелет жасқа толған жастардың әскери борышын өтеуге жіберу күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі екендігін айтты. Сондай-ақ өткен жылғы мерзімді әскерге шақыру жұмыстарында орын алған кемшіліктерге тоқталып, бұл бойынша жауаптыларды қатаң сынға алды.
Мұнан соң көктемгі әскерге шақыру кезеңіне дайындық шаралары бойынша Сарыағаш және Келес аудандық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы Бекзат Шахирбаев хабарлама жасады. Баяндамада әскерге шақырылушыларды медициналық тексеру, іріктеу, әскери бөлімдерге бөлу, сондай-ақ ауыл округтеріндегі шақыру жоспарларының орындалу көрсеткіштері кеңінен қамтылды.
Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 104 азамат әскер қатарына жіберілген. Бұл – жалпы жоспардың 61,9 пайызын құрайды. Жоспар орындалуында кейбір ауылдық округтердің белсенділігі жоғары болса, бірнеше округтерде төмен көрсеткіш тіркелген. Мысалы, Жүзімдік және Біртілек ауылдық округтері жоспарды толық орындаса, Жамбыл және Алпамыс батыр ауылдық округтерінде жоспар мардымсыз орындалғаны айтылды.
Мәжіліс соңында аудан әкімі Жәнібек Есенұлы тиісті сала басшыларына мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, қатаң бақылауға алу, әскери қызметке шақырылушылардың уақытылы медициналық сараптамадан өтуін қамтамасыз ету, жастарды, әскерден жалтарып жүрген азаматтарды әскерге тарту және әскери қызмет етудің маңыздылығын насихаттау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Comments