Келес ауданында Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Лесбек Нұртаев, ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.
Отырыстың күн тәртібіне үш маңызды мәселе шығарылып, ел бірлігі, қоғамдық келісім, әлеуметтік жағдай және жастарды әскери қызметке шақыру барысы кеңінен талқыланды.
Алғашқы мәселе ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбында жасаған баяндамасы кеңінен түсіндірілді. Бұл бағытта №8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұстафаева Камила баяндама жасап, Президент бастамаларының ел ішіндегі татулық пен бірлікті нығайтудағы маңызын атап өтті.
Екінші мәселе бойынша Қошқарата ауылдық округінің әкімі Нұрмахан Ерлан Қалмаханұлы сөз алып, округ аумағындағы этностар тығыз қоныстанған 1-Мамыр елді мекенінің әлеуметтік жағдайына тоқталды. Аталған аумақта инфрақұрылымдық даму, білім, медицина және мәдениет саласындағы ілгерілеулер жөнінде нақты деректер келтіріліп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Үшінші мәселе Келес ауданы бойынша көктемгі мерзімді әскерге шақыру жұмыстарының орындалу барысы болды. Бұл туралы Сарыағаш және Келес аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы, подполковник Шахирбаев Бекзат Кеңесұлы баяндама жасап, шақырылған жастардың саны, әскери-медициналық тексеру нәтижелері мен әскери тәрбие бағытындағы жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Жиын соңында аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен ардагерлер тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, ортақ мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. ІІ тоқсандық отырыс ел ішінде тұрақтылықты сақтауға, қоғамдық келісімді нығайтуға және жастар тәрбиесіне бағытталған нақты шаралармен қорытындыланды.
Comments