Спорт

«ЖЕТІСАЙ СПОРТ КЛУБЫ» ЖЫЛДЫ ЖАҚСЫ КӨРСЕТКІШТЕРМЕН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Спорт – денсаулық кепілі. Мемлекетімізде ел тұрғындарының арасында дене шынықтыру мен спорт саласын кеңінен насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде спортты жанына серік етіп, түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға жетіп жүрген жасөспірімдердің саны күн санап артып келеді.
Өйткені, спорт – біріншіден, мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш болса, екіншіден, азаматтардың өмір сүру ұзақтығын қалыптастыратын, салауатты ұрпақ тәрбиелеудің негізгі тетігі болып есептеледі.
Ел ертеңі саналатын жастарды спортқа баулу мақсатында нәтижелі жұмыс жүргізіп, ауданның мерейін үстем етіп келе жатқан «Жетісай спорт клубы» 2024 – 2025 оқу жылында халықаралық, республикалық, облыстық дәрежеде өткен дүбірлі додаларда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген жасөспірім спортшылар мен бапкерлерді, спорт нұсқаушыларын марапаттап, сый-сияпат жасады.
Аталмыш шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, ардагер спортшы, Халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев, ауданның төбе биі, спорт ардагері Жахангир Айнабеков пен «Алпамыс батыр», «Көк Түріктер қағанаты» республикалық қоғамдық қорларының Президенті, «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, кәсіпкер-меценат Бауыржан Оңғарбаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев пен бапкерлер, жас спортшылар мен ата-аналары қатысты.
Ауданның мерейін үстем етіп, өткізілген спорттық жарыстарда жүлдегер атанған саңлақ спортшылар мен талантты бапкерлерді ұлықтау, жетістіктерін кейінгілерге үлгі ету мақсатында өткен шарада аудан әкімінің алғыс хаттары, «Алпамыс батыр» республикалық қоғамдық қорының «Бекзат Саттарханов» атындағы медалі мен қор төрағасы Бауыржан Оңғараевтың арнайы қаржылай жүлделері табыс етілді.
Атап айтар болсақ, көптеген Халықаралық, республикалық чемпионаттардың жеңімпазы Нұрасыл Мұхтар мен Ерсұлтан Сапар, түрлі деңгейдегі чемпионаттарда шәкірттері топ жарып, ауданның абыройын асқақтатып жүрген Таласхан Битуреев, Нұрлыбек Манқараев, Бақыт Бегманов, Денис Марданов, Мақсат Қыдырша, Бекмұхамбет Қойымбетов, Бағдат Алимбеков, Алмас Рахматов сынды бапкерлер мен бірқатар дарынды спортшылардың мерейі үстем болды.
«Спорт – тәрбие құралы. Жас ұрпақтың жүрегіне Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру үшін таптырмас көмекші. Себебі, спортты сүю, оны серік етуге баулу арқылы балаға тек салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймаймыз, сонымен қатар, бойларында еңбекқорлық, төзімділік, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді де қалыптастырамыз. Спортпен айналысатын жастар көшенің теріс ықпалынан алшақтап, зиянды әдеттерден аулақ болады» дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев.
Әрбір істің қайтымы болғанындай спортшыларға көрсетілген құрметтің қайтарымы – байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатып, Әнұранымызды көкте шырқатар саңлақтардың сапында болу. Аталмыш салтанатты шарадағы марапат әрбір спортшының алдына осындай биік мақсат, нақты жоспарлар қойғандай.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Алдыңғы

ЖҰМЫСТАРДЫ ЖҮЙЕЛЕНДІРУДІ ТАПСЫРДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *