Елімізде жыл сайын 14 маусым «Дүниежүзілік донор күні» ретінде аталып өтіледі. Бұл – өз еркімен қан тапсырып, мыңдаған адамның өмірін құтқаруға үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдіретін ерекше мереке.
Қан – өмірлік маңызы бар, ешқандай жасанды баламасы жоқ құнды ресурс. Сол себепті де донор болу – бұл жай ғана қайырымдылық емес, бұл – шынайы ерлік пен адам өмірін сақтауға бағытталған нақты қадам.
Осы атаулы дата аясында Шымкент қалалық қан орталығында арнайы акция бастау алды. «Қан тапсырып, үміт сыйлаңыз! Адам өмірін бірге сақтаймыз!» тақырыбында ұйымдастырылған іс-шараға бірқатар белсенді азаматтар алғашқылардың бірі болып қатысып, қан тапсырды.
Айта кетейік, игі іс-шара барысында тұрақты донорларға ерекше құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Қан орталығының мамандары оларға донор болудың маңыздылығын түсіндіріп, әр адамның бұл іске өз үлесін қоса алатынын атап өтті.
Дәрігерлердің мәлімдеуінше, азаматтар бір реттік қан тапсыру арқылы үш адамның өмірін құтқаруға септігін тигізе алады. Сондықтан да бұл әр азамат үшін маңызды зор қадам болып табылады. Қан тапсыру акциясы жалғасын табады.
Өзіңізді жақсы сезінсеңіз, жеңіл тамақтанып, жеке куәлігіңізбен Шымкент қаласы, Нұрсат шағынауданындағы №442 мекенжайында орналасқан Шымкент қалалық қан орталығына келіңіз.
Ұйымдастырушылар барлық қала тұрғындарын алдағы уақытта да осы игі іске белсене қатысуға шақырады.
Есіңізде болсын, Сіздің бір тамшы қаныңыз – бір адамның өмірін құтқаруы мүмкін.
Қосымша мәліметтер үшін 8747 292 65 93 ұялы байланыс нөміріне (ock_uko@mail.ru
@shymkent.donor) хабарласа аласыздар.
Comments