Әке – отбасының тірегі, бала үшін өмірлік өнеге мектебі. «Әке – асқар тау» деп қазақ бекер айтпаған. Әкенің орны – қашан да биік, қадірі – ерекше. Осы бір қадірлі ұғымды ұлықтап, қоғамдағы әкелердің рөлін арттыру мақсатында Қаратал ауданында Әкелер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Қаратал аудандық Тарихи-өлкетану мұражайында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты жиынға аудан тұрғындары, ардақты әкелер мен олардың отбасы мүшелері, қоғам белсенділері қатысты. Мерекелік жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Чамренов Мақсат Бейсбек сөз сөйлеп, барлық қатысушыларды құттықтады.
– Әке – әр отбасының тірегі ғана емес, тұтас бір қоғамның ұйытқысы. Әкенің тәрбиесімен өскен бала елге адал қызмет етеді. Бүгінгі күн – сол әкелерге алғыс айтып, оларды ұлықтайтын ерекше мереке, – деді ол өз құттықтауында.
Салтанатты жиында аудан әкімі Ұлан Әлдибекұлының атынан көп балалы отбасылардың отағаларына бағалы сыйлықтар, алғыс хат табысталды. Бұл – әке еңбегін бағалаудың, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесіне деген қоғамның шынайы ризашылығының белгісіндей болды. Іс-шара аясында әкелер мен балаларына арнап аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Сахнадан «Менің әкем, менің әкем, ең жақсы адам…» деген ән жолдары естіген сәтте көз алдыма, менің асқар тауым болған марқұм Ұзақ атам келді… Оның мейірімді жүзі, салмақты сөзі, өмірлік ұстанымдары есіме түсіп, еріксіз жанарым жасқа толды.
Атамның орны мен үшін әрқашан ерекше. Ол – менің тірегім, өмірге деген көзқарасымды қалыптастырған алғашқы ұстазым. Бүгін сахнадан естілген әр әуен – мен үшін естелікке толы үн, жүректен шыққан сағыныш сазы болды.
Мұндай сәттер әке мен атаның мәңгілік орнын, олардың рухани мұрасын жүрекпен сезінуге мүмкіндік берері анық.
Қобланды АБЕНОВ
Comments