Қаратал ауданындағы теміржол вокзалы аумағында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары кезінде көлік қозғалысына енгізілген уақытша шектеулер жергілікті кәсіпкерлердің жұмысына қолайсыздық тудырды.
Атап айтқанда, вокзал маңы толықтай қоршалып, көліктерге тек бір бағытпен кіруге рұқсат етілген. Бұл жағдай бұрын екі бағыт арқылы кедергісіз кіріп жүрген кәсіпкерлер үшін қиындық туғызды. Сонымен қатар, вокзал жанындағы алаңда орналасқан мейрамхана, көкөніс өнімдерін сататын сауда орны және кафе иелері жүк көліктерінің аумаққа кіруінде қиындықтар пайда болғанын хабарлады.
Кәсіпкерлер аудандық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, мәселенің мән-жайын жеткізді. Палата бұл өтінішті назарға алып, шұғыл түрде Қаратал ауданының әкімдігімен, прокуратурасымен, полиция бөлімшесімен, вокзал әкімшілігімен және жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер мекемемен келіссөздер жүргізді.
Атқарушы органдар мен жауапты ұйымдардың жедел әрекетінің нәтижесінде:
«Қозғалысқа тыйым салынған» жол белгісі алынып тасталды;
Қоршаулар шегеріліп, жүк көліктері үшін ыңғайлы кіру жолы қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда кәсіпкерлер вокзал аумағына еркін кіріп-шыға алады. Бұл шешім бизнестің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара тиімді іс-қимылдың нақты дәлелі болды.
Аудандық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғауға және қолайлы бизнес-орта қалыптастыруға бағытталған қолдау үшін Қаратал ауданының әкімдігіне, прокуратурасына, полиция бөліміне және барлық атсалысқан тараптарға алғыс білдіреді.
Қобланды АБЕНОВ
Comments