Жаңалықтар

КЕЛЕС АУДАНЫНДА КӨШІ-ҚОН МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Келес ауданының орталығы — Абай ауылында орналасқан аудандық Мансап орталығында Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген топтың қатысуымен маңызды көшіп-қону мәселесіне арналған кездесу өтті. Бұл шараға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков қатысты. Ол өз сөзінде 2016 жылдан бері оңтүстік өңір тұрғындарының Солтүстік Қазақстанға қоныс аударуына қатысты белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқанын ерекше атап өтті.

Жаңабай Ағабековтің айтуынша, қазіргі таңда солтүстік өңірге көшіп барған азаматтардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен егіншілік саласында еңбек етіп, тұрмыстық жағдайларын едәуір жақсартып отыр. Бұл – көшіп-қонудың тиімділігін дәлелдейтін басты көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар, көшуді жоспарлап жүрген тұрғындарға Солтүстік Қазақстанға алдын ала барып, жағдаймен танысуға мүмкіндік беріледі. Бұл сапардың шығыны мемлекет тарапынан толықтай қаржыландырылады. Осылайша, болашақта сол аймаққа қоныс аударуды ойлап жүрген азаматтар нақты ақпарат алып, дұрыс шешім қабылдауға жағдай жасалады. Мұндай мүмкіндік – ауылмен тығыз байланысты өмір салтын таңдайтындар үшін зор қолдау болып отыр.

Кездесу барысында солтүстік өңірдегі маман тапшылығы, әсіресе жоғары білімді, дипломы бар кадрларға деген сұраныстың жоғары екені кеңінен айтылды. Бұл – көші-қонның тағы бір басты себебі. Мемлекет бұл бағытта қоныс аударушыларға жан-жақты қолдау көрсетуде: әлеуметтік жеңілдіктер, тұрғын үй және жұмысқа орналасуға көмектесу сияқты шаралар қарастырылған. Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары Азамат Шәріпов тұрғындарға қоныс аударушыларға арналған мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік қолдаулар туралы толық мәлімет берді. Бұл ақпарат тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беріп, оларды сенімділікпен қамтамасыз етті.

Сонымен бірге, Аққайың ауылдық округінің әкімі Мақсат Есжанов ауылдарды сақтап қалу және мектептердегі оқушы санын арттыру мақсатында жергілікті тұрғындардың қоныс аударушыларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Әкімнің айтуынша, көшіп барған азаматтарға кезексіз 1,5 гектар егістік жер берілетін болады. Бұл жерлерде картоп, күнбағыс, жүгері секілді оңтүстік өңірдің тұрғындарына таныс және пайдалы дақылдарды өсіруге таптырмас мүмкіндік бар. Мұндай жағдай оңтүстіктен көшіп барғандарға жер шарты мен егіншілік тәжірибесін тиімді пайдалануға көмектеседі.

Кездесудің соңында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков Келес ауданының ерекшеліктеріне тоқталды. Ол аймақ халқының тығыз орналасқанын, жұмыс орындарының аздығын, егістік пен жайылым жерлерінің шектеулі екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, жастар үшін солтүстікке қоныс аудару – тиімді әрі перспективалық шешім екенін ерекше жеткізді. Бұл өңірде ауыл шаруашылығының дамуы үшін үлкен әлеует бар және жаңа жұмыс орындары ашылуда. Сондықтан көшіп барған азаматтар үшін осындай мүмкіндіктердің мол болуы маңызды фактор болып табылады.

Жиын барысында тұрғындардың қойылған сұрақтарына қатысушылар тарапынан жан-жақты әрі толық жауаптар берілді. Көшіп-қонуға қатысты түрлі аспектілер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесу соңында қатысушылардың осы бағыттағы жоспарлары мен үміттері тыңдалды, ұсыныстар қабылданды.

Осылайша, Келес ауданындағы бұл іс-шара – оңтүстік өңір тұрғындарына солтүстікке қоныс аударудың артықшылықтары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық мәлімет беретін маңызды алаң болды. Келесі жылдары да көшіп-қонуға қатысты осындай түсіндіру кездесулері жалғасын табатыны жоспарлануда.

ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ — РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ!

Алдыңғы

Ауданда “Ауыл- ел бесігі” бағдарламасы сәтті іске асуда

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *