Жаңалықтар

КЕНТАУДА ОҚУШЫЛАР МЕН ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРДІҢ САПАЛЫ ТАМАҚТАНУЫ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ

Кентау қаласында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, білім беру ұйымдарында балалардың сапалы және қауіпсіз тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған оқу-семинар ұйымдастырылды. Бұл маңызды іс-шараға мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің меңгерушілері, жалпы орта білім беретін мектеп директорлары, медициналық қызметкерлер мен сала мамандары қатысты.
Семинарға қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова төрағалық етті. Сонымен қатар, Кентау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрбақыт Рабат арнайы қатысып, білім беру ұйымдарындағы санитарлық-гигиеналық жағдайға қатысты пікірін білдірді.
Жиын барысында басқарманың бас маманы Айжан Қалымбетова «Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау мен нығайтудың өзекті мәселелері» тақырыбында ауқымды баяндама жасады. Ол оқушылардың сапалы әрі дұрыс тамақтануын ұйымдастыруда ескерілетін маңызды талаптар мен құқықтық-нормативтік негіздерге тоқталды.
МӘЗІР МЕН ТАҒАМ САПАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА:
Айжан Қалымбетованың айтуынша, қазіргі таңда мектеп асханаларында тамақ беру жүйесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 4 сәуірде бекіткен санитариялық қағидалары мен 2022 жылғы №ҚР ДСМ-16 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Бұл құжаттарда балалардың жас ерекшелігі, дене белсенділігі, мектепте болу уақыты, тіпті маусымдық факторлар ескерілген.
Соның негізінде білім беру мекемелерінде перспективалық екі апталық мәзір жасалып, тамақ өнімдерінің витаминдік-минералдық құрамы мен энергетикалық құндылығы нақты есептеледі. Мәзірді бекіту кезінде мейлінше сүт өнімдері, көкөністер мен табиғи шырындарға басымдық беріледі.
Семинарда қуыру, майға пісіру, ащы дәмдеуіштерді қолдану секілді денсаулыққа зиян келтіретін аспаздық әдістердің мүлдем рұқсат етілмейтіні, олардың орнына буға пісіру, қайнату, бұқтыру сынды қауіпсіз тәсілдер ұсынылатыны нақты айтылды.
Сондай-ақ, суды жеткілікті мөлшерде тұтыну, жасыл көкөністерді термиялық дұрыс өңдеу – балалардың сергек болуына, шаршағыштықтың азаюына және асқазан-ішек жолдарының қызметінің жақсаруына тікелей әсер ететіні түсіндірілді.
САНИТАРИЯ ТАЛАПТАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА:
Семинар барысында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан білім беру ұйымдарындағы асханалар мен тағам өнімдеріне тұрақты тексерістер жүргізіліп, тағам қауіпсіздігі мен санитарлық жағдай жіті бақылауда болатыны атап өтілді. Бұл – балалар арасында тағамнан улану, аллергиялық реакциялар мен асқазан ауруларының алдын алу үшін аса маңызды.
Жиын соңында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Тәжірибе алмасу барысында әр мекеме өкілдері өздерінің тамақтану ұйымдастыру бағытындағы оң тәжірибелерін бөлісіп, ортақ жүйелік шешімдер қабылдауға мүмкіндік алды.
БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ – БАСТЫ БАҒЫТ:
Бүгінде балалардың денсаулығы – қоғам дамуының басты өлшемдерінің бірі. Олардың тамақтануы мен физикалық дамуы тікелей оқу үлгеріміне, психологиялық жай-күйіне және жалпы өмір сапасына әсер ететіні ғылыми дәлелденген. Осы орайда, Кентау қаласында қолға алынған мұндай білім жетілдіру семинарлары мектеп пен балабақша асханаларында тек санитарлық тазалық қана емес, сапалы әрі үйлесімді тағам ұсыну арқылы бала болашағына инвестиция салу екенін көрсетеді.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен пікірлер жинақталып, алдағы уақытта балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету бағытында нақты іс-шаралар жоспары қабылданатын болды.

КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА «ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСТАР ЕҢБЕК ЖАСАҒЫНЫҢ 2025 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА МАУСЫМЫ БАСТАУ АЛДЫ

Алдыңғы

«ОТЫРАР» ЖАЗҒЫ САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІ БАЛАЛАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЛЕГІН ҚАБЫЛДАДЫ 

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *