Жетісай ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын негізге ала отырып, ауыл шаруашылығында су тапшылығы мәселесінің алдын алу және егін шаруашылығында өнімділікті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл ретте, бүгінгі күні еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып отырған тамшылатып суғару әдісін енгізу – негізгі басымдықтардың біріне айналды.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, жобалардың жүзеге асу аясын бақылау мақсатында егістік алқаптарын аралады. Сапар барысында ол жергілікті шаруалармен кездесіп, су үнемдеу технологиясының тиімділігі, артықшылықтары және оны қолдану барысындағы нақты мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Бүгінде Жетісай ауданында тамшылатып суғару әдісі 5041 гектар аумақта қолданылуда. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8000 гектарға жеткізу көзделіп отыр. Бұл — Түркістан облысы көлеміндегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі болып саналады. Су үнемдеу арқылы бір жағынан — су ресурстарының тапшылығының алдын алынса, екінші жағынан — егін өнімділігі мен жердің тиімділігі артатыны белгілі.
Аталған шаралар елімізде жүзеге асырылып жатқан «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сай іске асуда. Тұжырымдама аясында Қазақстанда ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн гектарға енгізу жоспарланған. Оның ішінде Түркістан облысына 216,3 мың гектар немесе жалпы үлестің 16 пайызын игеру міндеттелген. Бұл – республика бойынша маңызды жауапкершіліктің бір бөлігі дәл осы облысқа жүктеліп отырғанын білдіреді.
Жаһандық жылыну, жауын-шашын көлемінің азаюы, су ресурстарының тең бөлінбеуі мен тиімсіз пайдаланылуы секілді экологиялық проблемалар бүкіл әлемді алаңдатып отырған бүгінгі таңда, бұл технологияны енгізу аса өзекті. Тамшылатып суғару әдісі тек суды үнемдеу ғана емес, сонымен қатар өнімнің сапасын жақсартып, шығындарды азайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Аудан басшысының айтуынша, қазіргі таңда егістікке қажетті ағын су тапшылығын жою мақсатында тек тамшылатып суғару емес, жылыжай шаруашылықтары мен жылына бірнеше өнім алу тәжірибесі де кеңінен енгізілуде. Мәселен, өткен жылы ауданда 23 гектар жерге жылыжай салынса, биыл бұл көрсеткіш тағы 5 гектарға ұлғайған. Бұдан бөлек, 1158 гектар жерден жылына 2-3 өнім алу тәжірибесі қолға алынған.
– «Бүгінде ауыл шаруашылығы тек көктемгі және күзгі науқанмен шектелмеуі тиіс. Жаңа технологиялар мен тәсілдер арқылы жыл он екі ай егін егуге мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан қолдау бар, тек еңбек пен дұрыс басқару қажет. Тамшылатып суғару – бүгіннің ғана емес, ертеңнің де шешімі», – деді аудан әкімі шаруалармен кездесу барысында.
Сондай-ақ, аудан әкімдігі тарапынан аграрлық салада инвестициялық жобаларды қолдау, заманауи техникалар мен технологияларды енгізу бағытында кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл ауыл шаруашылығын дамытумен қатар, өңірдегі еңбек нарығын жандандырып, ауылдық жерлердегі әлеуметтік тұрақтылыққа да оң ықпалын тигізіп отыр.
Жетісай ауданының үлгісі – еліміздің басқа өңірлеріне де тәжірибе ретінде ұсынылуы әбден мүмкін. Себебі бұл жерде табиғи жағдайларды ескере отырып, ғылыми тәсілдер мен заманауи технологиялар бір арнаға тоғыстырылып отыр.
Қорытындылай келе, ауыл шаруашылығындағы су үнемдеу мен тиімді басқару – жай тапсырма емес, стратегиялық маңызы бар іс. Ал бұл бағыттағы Жетісай ауданының жетістіктері еліміздің агроөнеркәсіптік саясатының оң нәтижесін көрсетеді.
ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ТАМШЫЛАТЫП СУҒАРУ ТӘСІЛІ 8 МЫҢ ГЕКТАРҒА ЕНГІЗІЛЕДІ

Comments