Жаңалықтар

БАЛА – БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні – бүкіл әлем бойынша балалардың құқықтарын қорғау, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім алу мен еркін дамуына жағдай жасау мәселелеріне назар аударуға арналған айтулы мереке. Бұл күн – жыл сайын әлемнің ондаған елінде кең көлемде аталып өтетін, тарихы терең, маңызы биік халықаралық мейрамдардың бірі.
Халықаралық балаларды қорғау күнін өткізу туралы шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданып, алғаш рет 1950 жылы аталып өтті. Кейін бұл бастама БҰҰ тарапынан да қолдау тауып, ұйым балалардың өмір сапасын арттыруды, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының бірі ретінде белгіледі.
Жетісай ауданында да бұл мейрам дәстүрге айналған. Балалардың мерекесі ауданның барлық өңірлерінде ерекше көңіл-күймен аталып өтті. Бұл күні әр баланың жүзінен қуаныш пен шаттықтың лебі сезілді. Балалықтың бал дәмін татуға арналған сан түрлі шаралар ұйымдастырылды.
Орталық саябақта өткен мерекелік жиынның шымылдығын аудандық білім бөлімі мен «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» ұйымдастырған салтанатты жиын ашты. Шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров арнайы қатысып, бүлдіршіндерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.
— «Бүгінгі мереке – тек балалар үшін ғана емес, ата-ана, ұстаз, қоғам үшін де ерекше күн. Себебі біз балаларға тек мейрам күндері емес, күн сайын қамқор болуымыз керек. Әрбір бала – болашақ ел тірегі. Олардың білімді, тәрбиелі, дені сау болып өсуі – баршамыздың басты міндетіміз», – деді аудан әкімі өз құттықтау сөзінде.
Мерекелік шара барысында мектеп оқушылары арасында сурет салу байқауы ұйымдастырылып, балалар өз армандарын, қиялындағы әлемді қағаз бетіне түсірді. Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталып, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға деген ынтасы артты.
Мерекелік кештің тағы бір қуанышты сәті – 600 бүлдіршінге тегін балмұздақ таратылуы болды. Бұл игі істі Білім және ғылым қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ комитеті демеушілік жасап, балалардың шат-шадыман көңіл-күйіне тағы бір себеп қосты.
Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласып, «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының» өнерлі өрендері сахнаға шықты. Олар ән салып, би билеп, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ата-аналар өз балаларының өнерін тамашалап, мерекеге деген ризашылықтарын білдіріп, шараны ұйымдастырушыларға жүрекжарды алғыстарын жаудырды.
Бұл күні ауданның барлық ауылдық округтерінде де әртүрлі деңгейдегі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Балаларға арналып сайыстар, ойын-сауық бағдарламалар, спорттық жарыстар өтті. Көптеген бүлдіршіндерге сыйлықтар табыс етіліп, олардың арман-тілектері ескерілді.
Жалпы, Халықаралық балаларды қорғау күні – тек көңіл көтеру ғана емес, қоғамның балаларға деген көзқарасын көрсететін, олардың әл-ауқаты мен дамуына назар аудартатын маңызды дата. Бұл мереке арқылы қоғам балалардың бақытына, еркін дамуына жауапты екендігін тағы бір мәрте сезінеді.
Бала – өмірдің гүлі, үміттің нышаны. Олардың күлкісі – әлемнің тыныштығы, елдің болашағы. Сол себепті әр баланың балалық шағы шаттық пен жылулыққа толы болсын!

Балаларды қорғау күні құтты болсын!

Алдыңғы

БАҚЫТТЫ БАЛАЛАР – БЕЙБІТ ЕЛДІҢ ТІРЕГІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *