ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында биылғы жылы «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 130 769 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның 83 554-і — тұрақты, ал 47 215-і уақытша жұмыс орындары. Бұл – өңір экономикасын жандандырып, халықты әлеуметтік қолдаудың нақты көрсеткіші. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей тапсырмасымен бұл саладағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, қатаң бақылауға алынған.
Осы орайда Жетісай ауданы әкімдігінде маңызды кездесу өтті. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Түркістан облысының Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Казанкаповты қабылдап, өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында атқарылып жатқан шараларды саралады. Кездесуде тараптар өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар арқылы тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, кедейшілік шегін төмендету және халықты жұмыспен қамтуда әлеуметтік осал топтарға басымдық беру мәселелерін жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында Абзал Дәулетәліұлы 2025 жылдың алғашқы төрт айында облыс көлемінде халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған нақты нәтижелерге тоқталды. Оның айтуынша, бұл кезеңде 7883 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, нақтысында 12 031 жұмыс орны құрылған. Осы жұмыстың нәтижесінде бір ай ішінде 4148 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл — әлеуметтік саладағы оң серпіннің, мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Сондай-ақ, «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында өңірде 1747 жұмыс орны ашылған болса, оның 775-і бір айдың ішінде құрылған. Бұл – жобаның жергілікті жерлерде нақты нәтиже беріп отырғанын дәлелдейді. Бұған қоса, ұлттық жобалар шеңберінде 321 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Аталған көрсеткіштер жұмыспен қамту саласындағы нақты ілгерілеуді айғақтайды.
Жиында Жетісай ауданында өз кәсібін бастауға ынталы азаматтарға берілетін мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бойынша да ақпарат берілді. Биылғы жылдың алғашқы легінде ауданға 75 гранттық орын бөлінген. Алайда бұл бағдарламаға 150 азаматтан өтініш түскен. Бұл – халықтың кәсіпкерлікке деген қызығушылығының жоғары екенін, еңбекке бейімділік артқанын білдіреді. Сонымен қатар, бизнес-жобаларды іріктеу барысында әділдік пен ашықтық қамтамасыз етілетіні, гранттар мақсатты түрде жұмсалуы үшін қатаң бақылау жүргізілетіні, мемлекет қаржысының әрбір тиынына есеп сұралатыны баса айтылды.
Мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында жастарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларды және басқа да әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамту – басым бағыттардың бірі. Бұл жайында да тараптар пікір алмасып, олардың еңбек нарығына бейімделуін жеделдету бойынша нақты ұсыныстар мен жоспарлар қарастырылды.
Кездесу соңында аудан әкімі Серік Мамытов еңбек нарығындағы бастамалардың жүзеге асуына аудан әкімдігі тарапынан барлық қолдау көрсетілетінін, бұл бағыттағы жұмыстар күн тәртібінен түспейтінін жеткізді. Ол, сондай-ақ, Еңбек мобильділігі орталығы мен жергілікті билік арасындағы үйлесімді іс-қимылдың маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік бағдарламалардың халыққа тиімді жетуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
«Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматқа табыс табуға мүмкіндік беру. Бұл тек экономикалық тұрақтылық емес, сонымен қатар қоғамдағы әлеуметтік әділдікті орнықтырудың да жолы. Біз жұмыссыздықпен күресті тек ресми көрсеткіш үшін емес, нақты адам тағдыры үшін жүргізіп жатырмыз», – деді әкім.
Бұл кездесу – облыс және аудан деңгейіндегі ынтымақтастықтың нақты мысалы. Жұмыссыздықты төмендету, кедейшілікпен күресу және ел азаматтарын тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осы бағытта атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар Жетісай ауданында да өз жемісін беруде.

ТҮРКІСТАН: МАЛ АЗЫҒЫН ДАЯРЛАУ ЖҰМЫСЫ ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЗИЯНКЕСТЕРІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАЛҒАСУДА

Алдыңғы

Тәуелсіздіктің тұмары — Мемлекеттік рәміздер

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *