Жаңалықтар

АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ СӘУЛЕТТІК КЕЛБЕТІН ЖАҚСАРТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Арыс қаласының сәулеттік-эстетикалық келбетін жақсарту мақсатында қала әкімі Қайсар Маңқараевтың төрағалығымен жұмысшы топтың кезекті отырысы өтті. Бұл жиын – қаланың жалпы көрінісін жаңғырту, инфрақұрылымды жетілдіру және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыруға бағытталған жобаларды пысықтауға арналған маңызды іс-шара болды.
Кеңеске қала әкімінің орынбасарлары, Арыс қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары, «Арыс қаласының Урбанистика орталығы» КММ-нің өкілдері, сондай-ақ қоғамдық кеңестің, жергілікті мәслихаттың депутаттары мен сала мамандары қатысты.
Жиын барысында жалпы саны онға жуық жоба қаралды. Бұл жобалар қаланың аймақтық ерекшеліктерін, тарихи-мәдени мұрасын және тұрғындардың сұранысын ескере отырып әзірленген. Нақтырақ айтқанда, «Арыс қаласының Урбанистика орталығы» КММ тарапынан ұсынылған жобалардың қатарында Арыс-Шымкент тас жолының бойында орналасқан қала атауын білдіретін «Арыс» жазуын қайта жаңарту, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын заманауи талаптарға сай абаттандыру, Арыс-Шардара және Арыс-Монтайтас бағытындағы тас жолдардың қиылыстарын көркейту және кіші сәулеттік пішіндер (арт-нысандар, жарық элементтері, отырғыштар және т.б.) орнату сынды маңызды бастамалар бар.
Аталған жобалардың басты мақсаты – қаланың сыртқы көрінісін эстетикалық тұрғыда жақсарту, тұрғындарға қолайлы әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және өңірдің туристік тартымдылығын арттыру болып табылады.
Қаланың бас сәулетшісі Нұрғиса Жанбатыр жиын барысында ұсынылған жобалардың әрқайсысына кеңінен тоқталып, олардың техникалық шешімдерін, экономикалық тиімділігін, жүзеге асыру мерзімдері мен болжамды нәтижелерін баяндады. Ол, сонымен қатар, бұл жобалар іске асырылған жағдайда қаладағы қоғамдық кеңістіктер мен негізгі магистральдар көркем әрі ықшам үлгіде жаңарып, Арыстың жаңа бет-бейнесі қалыптасатынын атап өтті.
Кеңес мүшелері тарапынан жобаларға қатысты түрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Бірі – қала атауы белгісін ұлттық нақыштағы элементтермен толықтыру қажеттігін білдірсе, енді бірі тұрғын үй аулаларын абаттандыру кезінде балаларға арналған ойын алаңдары мен спорттық жабдықтарға басымдық беру керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, қаланың кіреберістеріндегі көрнекі құрылымдардың түнгі жарықпен қамтамасыз етілуі, жасыл желектерді отырғызу мәселелері де кеңінен сөз болды.
Жиын барысында қатысушылар сәулет нысандарының тек әдемілік қана емес, қауіпсіздік пен ұзақмерзімділік талаптарына да сай болу керектігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, жоба сызбаларының тұрғындардың пікірімен үндесуін қамтамасыз ету үшін қоғамдық тыңдаулар немесе онлайн сауалнамалар ұйымдастыру қажеттігі ұсынылды.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев жобаларды біртіндеп жүзеге асыру қажеттігін ескертіп, іске асыруға қатысты нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, ол әр жобаның бюджеттік тиімділігіне, әлеуметтік маңыздылығына және қала тұрғындарына тигізер пайдасына баса назар аударуды ұсынды.
Жиын қорытындысы бойынша, ұсынылған жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру, қаржыландыру көздерін нақтылау және құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуын қамтамасыз ету бағытында тиісті бөлімдерге тапсырмалар берілді. Әкімдік тарапынан бақылау тетіктері күшейтілетінін және жұмыс барысы тұрақты түрде талқыланып, ашық түрде жүргізілетінін атап өтті.
Осы жиын – қала дамуына азаматтық қоғам өкілдерін тарту, сәулеттік бастамаларға қоғамдық көзқарасты енгізу және тиімді урбанистикаға қол жеткізу жолындағы маңызды қадам болып саналады. Арыстың сәулеттік келбеті – бұл тек қала көрінісі ғана емес, ол тұрғындардың өмір сүру сапасын бейнелейтін көрсеткіш екенін айтқан Қайсар Маңқараев бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.

МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ЖАҢАРТЫЛУДА

Алдыңғы

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІНЕ ЖҮРГІЗІЛГЕН ІШКІ ТАЛДАУ НӘТИЖЕЛЕРІ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *