Жаңалықтар

КЕЛЕС: ҚОСӨТКЕЛДЕ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жұмыс сапарымен Бірлік ауылдық округіне барып, Қосөткел елді мекеніндегі ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.
Халықтың тұрмыс сапасын арттыру және өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдарды жақсарту – аудан әкімінің басым бағыттарының бірі. Осы орайда қолға алынған ауызсу жүйесін тарту жобасы – жергілікті тұрғындар үшін аса маңызды әрі көптен күткен бастама. Аталған жобаның жобалық-сметалық құжаттары 2024 жылы тиісті сараптамалардан оң қорытынды алып, құрылыс жұмыстарын бастауға мүмкіндік берді.
Жобаны «Батыс-Алға LTD» ЖШС әзірлеп, құрылыс жұмыстарын «Строй жол сервис» ЖШС жүзеге асыруда. Жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында техникалық қадағалаушы ретінде «AveNiu» ЖШС бекітілген. Жобаның жалпы құны, қаржыландыру көзі мен ұзақмерзімді тиімділігі де назарға алынған.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында ресми түрде басталған болатын. Бүгінде жоба аясында ауқымды жұмыстар атқарылып үлгерілді. Атап айтқанда, су алаңын қоршау, қуаты жоғары екінші көтермелі насос станциясын орнату, әрқайсысы 200 текше метрлік екі су қоймасын салу, ішкі су тарату желілерін тарту және ұңғымаларды қазу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобадағы ең маңызды бөліктердің бірі – жалпы ұзындығы 11,5 шақырымды құрайтын су құбырларын тарту болса, қазіргі таңда соның 9 шақырымы толықтай аяқталған. Бұл – құрылыстың белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Нысанды аралау барысында аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев жұмыс барысын мұқият зерделеп, құрылыс сапасына ерекше назар аударды. Әкім мердігер мекеме өкілдерінен жоба бойынша әр кезеңнің орындалу деңгейі туралы нақты есеп алып, жұмыс кестесінің сақталуына, құрылыс нормалары мен стандарттарының бұзылмауына ерекше талап қойды. Ол жұмыс қарқыны мен сапасы – бұл тек техникалық мәселе ғана емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
Сапар барысында аудан әкімі құрылыс алаңында еңбек етіп жатқан жұмысшылармен де тілдесіп, олардың еңбек жағдайлары, қауіпсіздік шаралары мен пайдаланылып жатқан материалдардың сапасы туралы пікірлерін тыңдады. Құрылыс барысында қолданылатын жабдықтардың заманауи талаптарға сай болуы, жұмысшылардың қауіпсіздігі, санитарлық нормалардың сақталуы – аудан әкімінің басты назарында болды.
Жәнібек Ағыбаев нысанда қолданылатын құрылыс материалдарының сапасы мен шығу тегіне ерекше назар аударып, техникалық қадағалау қызметінің тиімділігі туралы да нақты тапсырмалар берді. Ол сонымен қатар мердігерге құрылыс жұмыстарының маусымдық ауа-райы жағдайларына бейімделе отырып, кідіріссіз орындалуы қажет екенін ескертті. Әкім жобада қарастырылған барлық инженерлік шешімдер мен инфрақұрылым элементтері толық әрі сапалы орындалуы тиіс екенін қатаң тапсырды.
Аталған жобаның толық іске асырылуы – Қосөткел елді мекені тұрғындары үшін таза және үздіксіз ауыз суға қол жеткізудің нақты кепілі. Бұл – тек бір ауылдың емес, бүкіл ауданның әлеуметтік даму қарқынын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Жоба аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы артып, денсаулық сақтау мен санитарлық жағдай айтарлықтай жақсарады деп күтілуде.
Сапар соңында аудан әкімі тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың аудан бойынша жалғасатынын айтып, бұл бастама жүйелі түрде өзге де ауылдық округтерде жүзеге асырылатынын атап өтті. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру – әкімдіктің басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді.

ХИМИЯ ПӘНІНЕН ПӘНДІК ТЕРМИНОЛОГИЯСЫН АҒЫЛШЫНША МЕҢГЕРТУДІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛДЕРІН ИГЕРГЕН МҰҒАЛІМ

Алдыңғы

НАСТАВНИК И ВДОХНОВИТЕЛЬ — НАРГИЗ БАНАМОВНА

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *