Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданы соңғы жылдары инвестициялық тартымдылықты арттыруда белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және жаңа жобаларға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсету – аудан басшылығының негізгі басымдықтарының бірі. Осы орайда, ауданда 2025–2026 жылдары іске асырылуы жоспарланған бірқатар ірі инвестициялық жобалар аясында жаңа экономикалық серпін қалыптаспақ.
Жуырда Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратовтың жетекшілігімен өткен жиында тиісті сала қызметкерлері қатысып, жоспарланған инвестициялық жобалар бойынша өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Бұл кездесуде алдағы екі жыл ішінде жүзеге асуы жоспарланған өндіріс, агроөнеркәсіп және қайта өңдеу саласындағы жобалар бойынша нақты жоспарлар белгіленді.
ЖОСПАРЛАНҒАН ІРІ ЖОБАЛАР:
— «Tendence» ЖШС – 25 млн АҚШ долларын құрайтын жеңіл тікұшақ құрастыру зауыты. Бұл жоба Ордабасы ауданында жоғары технологиялы өндірісті дамытуды көздейді. Жеңіл авиация саласында республика бойынша алғашқылардың бірі болуға ұмтылатын бұл зауыт жергілікті кадрларды тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, техникалық мамандықтарға сұранысты арттырмақ. Сонымен қатар, бұл өндіріс тек ішкі нарықты ғана емес, экспорттық әлеуеті бар бағыттарды да көздейді.
— «QazGarden» ӘКК – 400 млн теңге көлеміндегі жеміс-жидектерді өңдеу жобасы. Ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында жүзеге асырылатын бұл жоба ауыл тұрғындары өсірген өнімді қайта өңдеп, қосымша құны жоғары дайын өнім түрінде нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Жоба аясында шырын, тосап, кептірілген жеміс секілді өнім түрлері шығарылып, ішкі және сыртқы нарыққа жеткізіледі.
— «Южтехкострой» ЖШС – жалпы құны 6,4 млрд теңгені құрайтын микрокристалды тас пен сәндік көбік өндіру жобасы. Бұл жоба құрылыс саласына қажетті жоғары сапалы әрі отандық өнімдерді өндіруге бағытталған. Заманауи технология негізінде жүзеге асатын өндіріс құрылыс индустриясын жергілікті өніммен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
— ЖК «Тулеуова» – 55 млн теңгелік қымыз, шұбат, компот өндіретін цех. Бұл жоба ұлттық өнімдерді кең көлемде өндіруге бағытталып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен сақтау саласына жаңаша серпін бермек. Сонымен қатар, бұл бағыт бойынша экотуризм мен денсаулыққа пайдалы тағам түрлеріне деген сұранысты қанағаттандыру көзделуде.
ИНВЕСТИЦИЯ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМНІҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ:
Аталған жобалардың жүзеге асуы аудан экономикасына үлкен серпін береді. Біріншіден, жаңа өндіріс ошақтары құрылып, ауданның салықтық базасы кеңейеді. Екіншіден, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, еңбекпен қамту деңгейі жоғарылайды. Үшіншіден, бұл жобалар ауданның технологиялық, өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканың әртараптануына ықпал етеді.
Сонымен қатар, Ордабасы ауданы әкімдігі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында мемлекеттік қолдау тетіктерін ұсынуға дайын. Атап айтқанда, жер телімдерін бөлу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, инженерлік желілерге қосылуға жәрдемдесу, рұқсат құжаттарын рәсімдеуге қолдау көрсету секілді шаралар жүйелі түрде жолға қойылған. Бұл – инвесторларға көрсетілетін нақты қолдаудың бір көрінісі.
Аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратовтың айтуынша, Ордабасы өңірі инвестициялық белсенділікті арттыруға барлық мүмкіндіктерге ие. «Инвесторлар үшін біздің есігіміз әрдайым ашық. Ордабасы – өндірістік әлеуеті зор, еңбекке қабілетті халқы бар, стратегиялық жағынан қолайлы орналасқан өңір. Кәсіп ашам, жоба жүзеге асырам деген кез келген кәсіпкерге толық қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді ол.
ОРДАБАСЫ – БОЛАШАҒЫ ЗОР ӨҢІР:
Ордабасы ауданы – Түркістан облысының орталық бөлігінде орналасқан, инфрақұрылымы дамып келе жатқан, табиғи ресурстары мол және еңбек нарығы әлеуетті өңірлердің бірі. Мұнда ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, қайта өңдеу, құрылыс индустриясы, көлік-логистика секілді түрлі салаларда бизнес жүргізуге мүмкіндіктер кең. Сонымен қатар, облыс орталығына жақын орналасуы, автожолдар мен теміржол желісіне қолжетімділігі – ауданның инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттырып отыр.
Ордабасы – тек қазіргі емес, болашақ үшін де тиімді инвестициялық алаң. Аудан әкімдігі тарапынан көрсетілетін нақты қолдаулар мен ашық әкімшілік жүйе кәсіпкерлердің сенімін арттырып, өңірге тартылатын инвестиция көлемін ұлғайтуға ықпал етуде.
ОРДАБАСЫ АУДАНЫ — ИНВЕСТОРЛАР ҮШІН ТАРТЫМДЫ ӨҢІР!

Comments