Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛЫП КЕЛЕДІ

Қазақстанның білім беру саласын дамытудағы маңызды бастамалардың бірі – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы. Бұл жоба аясында Түркістан облысында жалпы құны бойынша 29 мектептің құрылысы жоспарланған, олардың сыйымдылығы 22 900 оқушыға есептелген. 2024 жылы 13 мектеп пайдалануға берілсе, 2025 жылы тағы 16 мектептің тапсырылуы күтілуде. Бұл жобаның маңызы тек жаңа оқу орындарын салумен ғана шектелмей, білім сапасын арттыруға, сондай-ақ білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған кешенді шараларды қамтиды.
Облыс әкімдігінде осы білім ордаларының құрылысы мен білікті педагогтармен қамту мәселелерін талқылайтын арнайы мәжіліс өткізілді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, құрылыс және кадрлық жұмыстарды сапалы әрі уақтылы орындауды міндеттеді. «Барлық мектеп уақтылы әрі сапалы тапсырылуы тиіс. Басқарма, аудан, қала әкімдері құрылыс барысын тұрақты бақылаңыздар. Мердігерлер жұмысты жауапкершілікпен атқарсын. Екіншіден, бұл мектептерді білікті басшылармен, педагогтармен қамту да өзекті. Қазірден жүйелеп, жұмысты ширатыңыздар», – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Тұрханов пен облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Қасымбекованың есебі тыңдалды. Екі ведомствоның деректеріне сәйкес, 29 мектептің инженерлік инфрақұрылым жүйелері – газ, су, электр энергиясы және байланыс желілері – толықтай тартылған. Бұл – жаңа білім ошақтарының қазіргі заманғы талаптарға сай құрылғанының көрінісі. Қазіргі уақытта 22 мектепте кірме жолдар салынған, ал қалған 7 мектептің кірме жолдарын ауыр техникалардың жұмыстары аяқталған соң асфальт төсеу жұмыстары жүргізілмек.
Құрылысы толық аяқталған 13 мектептің 9-ында оқу процесі қазірдің өзінде басталып кетті. Ал қалған 4 мектепте бұл жұмыс биылғы жылдың қыркүйек айында басталмақ. 2025 жылы пайдалануға берілуі жоспарланған 16 мектептің 11-інде құрылыс жұмыстары 83 пайызға орындалған. Бұл құрылыс қарқынының жоғары деңгейде екенін көрсетеді және белгіленген мерзімдерге сай сапалы жұмыстың жүргізіліп жатқандығын дәлелдейді.
Білім беру сапасын арттыру мақсатында педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету де басты назарда тұр. Қазіргі таңда 9 жаңа «жайлы мектепте» жалпы 736 педагог жұмыс істеуде. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарына педагогтарды қабылдау туралы қолданыстағы нормаларға сәйкес 23 мектептің директоры тағайындалды. Олардың ішінде 6 мектептің басшысы «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервінен алынып, білім саласындағы үздік мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінген. 13 мектеп директоры конкурстық тәртіппен тағайындалса, 4 мектеп директоры ауысу тәртібімен қызметке келді. 2025 жылы пайдалануға берілетін 16 мектептің 12-сіне директор тағайындалып үлгерді. Қалған 2 директор конкурс кезеңінде болса, тағы 2 директор ауысу тәртібімен тағайындалмақ.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеріп жатқан жаңа мектептер – бұл тек білім беру мекемелері ғана емес, сонымен қатар оқушылардың жан-жақты дамуына, олардың қауіпсіздігі мен жайлылығына, заманауи технологиялар мен инфрақұрылымға негізделген білім орталықтары болып табылады. Мұнда оқу процесін тиімді ұйымдастыру, жоғары сапалы білім беру, балалардың шығармашылығын дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің атап өткендей, жаңа мектептерді салу мен оларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету – өңірдің білім саласындағы стратегиялық міндеті. Бұл бағыттағы жүйелі әрі сапалы жұмыстар алдағы жылдары Түркістан облысының білім деңгейін арттырып, жастардың білім алу сапасын жоғарылатуға зор үлес қосады деп күтілуде.

ТҮРКІСТАН: «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АРЫСТЫҚ БАЛАЛАР ҚУАНЫШҚА БӨЛЕНДІ

Алдыңғы

САУРАН АУДАНЫНДА 280 МЫҢ БАСҚА АРНАЛҒАН ҚҰС ФЕРМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *