Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: «ҚАЗЫҒҰРТ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНДА 8 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында орналасқан «Қазығұрт» индустриалды аймағы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі бастамалардың біріне айналып отыр. Бүгінгі таңда жалпы құны 4,9 миллиард теңге болатын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде. Бұл жобалар аясында 249 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
4 жоба іске қосылып, 120-дан астам адам жұмыспен қамтылды:
Қазіргі уақытта аталмыш индустриалды аймақта құны 2,2 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылып, 123 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – аймақтың кәсіпкерлік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтудағы маңызды қадам.
Жаңа өндіріс орындарының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Осыған байланысты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, индустриалды аймақтың даму барысымен танысты. Ол жобалардың іске асырылу деңгейіне назар аударып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
– Инвестор тарту мәселесін белсенді жүргізіп, жаңа жобалармен аймақ экономикасын жандандыруымыз керек. Жұмыс сапалы әрі мерзімінде атқарылуы тиіс. Қолдау тетіктері бар, бастысы – үйлесімді жұмыс пен нақты нәтиже, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Құрылысы жүріп жатқан жобалар:
Қазіргі таңда «Билол» жеке кәсіпкерлігі тарапынан 3 гектар жер телімінде болат шарларын өндіретін зауыт құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жылдық қуаттылығы – 5 000-6 000 тонна. Құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталып, құрал-жабдықтарды орнату басталған.
Сонымен қатар, биылғы мамыр айында екі бірдей жобаның құрылысы бастау алды. Олар:
— «TIMUR.LES» ЖШС – жиһаз, жұмсақ полиуретанды көбік және бағдарланған бөлшектер тақтасын өндіретін зауыт салуда. Жобаның қуаттылығы – жылына 10 мың дана жиһаз.
— «AGRO Irrigation» ЖШС – су үнемдеуге арналған полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт. Инвестиция көлемі – 1,2 млрд теңге, ал өндіріс қуаттылығы – 10 000 тонна өнім.
Бүгінде екі зауыттың да жер телімдері рәсімделіп, құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Агроөнеркәсіп пен қайта өңдеу де қарқын алуда:
Ауыл шаруашылығына негізделген жобалар да іске асуда. «Сапа 2002» ЖШС 150 гектар жерге жаңбырлатып суару жүйесін енгізу жұмыстарын бастады. Бұл – өңірдегі егіншілік тиімділігін арттырып, су ресурстарын үнемдеуге бағытталған маңызды жоба.
Ал «Көрік ШҚ» ЖШС 2018 жылдың қазан айынан бастап табиғи, алкогольсіз шырындар өндірумен айналысып келеді. Зауыттың қуаттылығы – жылына 1000 тонна. Жобаның аясында жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдері терең өңдеуден өткізіліп, сапалы сусындарға айналуда.
Экспортқа бағытталған өндіріс – аймақ брендіне айналуда:
2019 жылдың қараша айында іске қосылған «CG Foods Central Asia» ЖШС – Қазығұрттағы өнеркәсіптің экспорттық әлеуетін дәлелдеген кәсіпорын. Бұл зауыт жылына 1 100 тонна дайын өнім өндіреді. Компания өнімдері ішкі нарықпен қатар Ресей мен Орта Азия елдеріне экспортталуда. Мұнда 100 адам жұмыспен қамтылған.
Индустриалды аймақта бұдан өзге де маңызды жобалар іске қосылған. Мәселен, «Асыл http://xn--80aab9dfh.kz/» ЖШС – автоматтандырылған ауыз су жүйесі мен капсула өндірісі бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл – денсаулық сақтау мен тұрмыстық қажеттілікті қамтамасыз ететін заманауи технологияларды қолданатын жоба.
Ал «Сабит» шаруа қожалығы табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында «Ағанай» су қоймасына 200 мың шабақ жіберіп, балық шаруашылығын дамытуда.
«Қазығұрт» индустриалды аймағы Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарып отыр. Мұнда жүзеге асып жатқан әр жоба – өңір экономикасына қосылған нақты үлес. Тек жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өндіріс пен қайта өңдеудің заманауи бағыттарын дамытатын бұл жобалар алдағы уақытта да облыстың өнеркәсіп картасынан өз орнын табары сөзсіз.
Облыс әкімдігі тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп, инфрақұрылым жеткізіліп, құжаттандыру жұмыстары жеңілдетілген. Бұл – инвесторлар үшін тартымды орта қалыптастырудағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Алдыңғы

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ МАҢЫНДА ЖОЛАУШЫЛАР КӨПІРЛЕРІ САЛЫНУДА

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *