Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – автомобиль жолдарының құрылыс және жөндеу жұмыстарымен танысты. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін бұл жұмыстар өңір басшысының тұрақты бақылауында. Әкім сапар барысында бірнеше көшелерді аралап, жұмыс барысын көзбен көріп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Алдымен Қазыбек би мен О.Жарылқапов көшелеріндегі жұмыстар тексерілді:
Жол құрылысы мен жөндеу нысандарын аралау барысында облыс әкімі Қазыбек би және О.Жарылқапов көшелерінің аралығындағы жаңа жол учаскесінің құрылысымен танысты. Аталған жол учаскесінің ұзындығы – 2,5 шақырым, ендігі төрт жолақты болып салынады. Жобаның маңыздылығы – қала ішіндегі көлік ағынын реттеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруда. Жауапты мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Егер қаржыландыру тұрақты әрі толық көлемде қамтамасыз етілсе, жол биылғы жылдың соңына дейін толық пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, Тәукехан көшесінде де орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Мұнда ұсақ түйіршікті асфальт төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдар мен жол жиектерін абаттандыру қарастырылған. Бұл көше – қаланың орталық бағыттарының бірі саналады.
Б.Қалаби көшесін қайта құру – ауқымды жоба:
Келесі нысан – Б.Қалаби көшесін реконструкциялау жобасы. Жолдың жалпы ұзындығы – 7,4 шақырым, ендігі 4 жолақты етіп кеңейтіледі. Жоба 2024-2026 жылдар аралығында жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құрылысқа 3,4 млрд теңгеден астам қаражат игерілген. Қаржыландырудың толық шешілуі жобаның жоспарланған мерзімде аяқталуына мүмкіндік береді.
Аталған жоба, ең алдымен, «Бекзат» шағынауданының тұрғындары үшін өте тиімді. Жаңа жол пайдалануға берілген соң, шағынаудан мен қала орталығы арасындағы көлік қатынасы айтарлықтай жеңілдейді. Сонымен қатар қала орталығындағы жол жүктемесі азайып, көлік қозғалысының тиімділігі артады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс жұмыстарын бақылау барысында қала әкімдігі мен жауапты құрылым басшыларынан нақты есеп алып, бірқатар тапсырма жүктеді. Жобалардың уақытылы әрі сапалы аяқталуы – жергілікті атқарушы билік үшін басты міндет екені тағы да атап өтілді.
Жол сапасы – тұрғындардың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететін фактор. Түркістан қаласы туристік орталық ретінде ғана емес, облыс орталығы ретінде де дамып келеді. Сондықтан инфрақұрылымды жүйелі дамыту – негізгі басымдық. Жол сапасына, құрылыс қарқынына қатысты ешқандай кешігуге жол берілмейді. Қаржыландыру, материал жеткізу, мердігер жауапкершілігі – бәрі қатаң бақылауда болады, – деді Нұралхан Көшеров.
Жалпы 138,5 шақырым жол жөнделеді:
Айта кету керек, 2025 жылға дейін Түркістан қаласы бойынша жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл – қаланың жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған кешенді жоспардың бір бөлігі. Қазіргі таңда жоспар бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көшелердің басым бөлігінде инженерлік желілер тартылған, енді асфальт төсеу, бордюр мен тротуар салу жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда.
Инфрақұрылым – экономикалық өсімнің өзегі:
Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар тек көлік қозғалысын жеңілдетіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастырумен шектелмейді. Бұл жобалар қаланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына да серпін береді. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Алдағы уақытта облыс әкімдігі қаланың солтүстік-шығыс бөлігін дамыту бойынша жаңа жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл – Түркістанды заманауи және қолайлы қалаға айналдыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың жалғасы болмақ.

ТҮЛКІБАСТА 48 ОТБАСЫҒА ЖАҢА ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН: «ҚАЗЫҒҰРТ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНДА 8 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *