Жаңалықтар

ТҮЛКІБАСТА 48 ОТБАСЫҒА ЖАҢА ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында әлеуметтік осал санаттағы 48 отбасыға жаңа пәтер кілттері табысталды. Бұл – мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қолдаудың, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының жемісі. Қуанышты сәтке арналған салтанатты шара «Нұршуақ» шағынауданында ұйымдастырылып, тұрғындар үшін елеулі тарихи оқиғаға айналды.
Іс-шараға аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жаңа баспанаға ие болған тұрғындар – көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, жалғызбасты аналар мен жас отбасылар. Бұл отбасы мүшелері үшін жаңа пәтер – жай ғана баспана емес, өмірге жаңа серпін, жарқын болашаққа сенім.
Аудан басшысы: «Мемлекеттік қолдау – нақты нәтиже беріп отыр»:
Шара барысында сөз алған аудан әкімі Асқар Естібаев тұрғындарды құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалардың нәтижесіне тоқталды.
Ел Президентінің баспанамен қамтамасыз ету және жұмыспен қамту бағытындағы бастамалары еліміз бойынша мыңдаған отбасыға үміт сыйлап отыр. Түлкібас ауданында да бұл бағыттағы жұмыс қарқынмен жүруде. Бүгінге дейін 3250-ден астам азамат тұрғын үй кезегінде тұрса, бүгін соның 48-і жаңа пәтерге қол жеткізіп отыр. Бұл – тек бастамасы. Жыл соңына дейін тағы да бірқатар әлеуметтік санаттағы тұрғындарға баспана беру көзделіп отыр, – деді аудан әкімі.
Қоныс той қуанышы: халық ризашылығы:
Баспана иелерінің арасында 7 баланы тәрбиелеп отырған алтын құрсақты ана Сұлушаш Нұрымбетова да бар. Ол 2018 жылы көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелген. Жылдар бойы күткен қуанышты сәтке жеткен ана мемлекетке алғысын жеткізді.
Бұл үй – менің және балаларымның арманы еді. Қиындықтарға мойымай, кезегімді күттім. Бүгін, міне, бала-шағамның несібесімен үш бөлмелі кең пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Ел басына тыныштық, халқымызға амандық тілеймін. Осындай мүмкіндікті барша отбасыларға нәсіп етсін! – деді ол қуанышпен.
Әлеуметтік тұрғын үй құрылысы – басты басымдық:
Айта кетейік, бұл биылғы жылы Түлкібас ауданында берілген екінші ірі тұрғын үй кешені. Осы жылдың наурыз айында «Нұршуақ» шағынауданында дәл осындай 56 пәтерлі үйдің кілті кезекте тұрған азаматтарға табысталған болатын. Нәтижесінде, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде 104 түлкібастық отбасы баспаналы болып отыр.
Түлкібас аудандық құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, аудандағы тұрғын үй құрылысы қарқыны жылдан жылға артып келеді. Алдағы уақытта кезекте тұрған азаматтарға арналған тағы бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған.
Тұрғын үй кезегі ашық әрі әділ жүргізіледі:
Аудан әкімдігі тұрғын үй кезегінің заң аясында, әділ әрі ашық жүргізілетінін еске салып өтті. Қазіргі таңда Түлкібас ауданында 3250-ден астам азамат ресми кезекте тұр. Оның ішінде:
— 715 азамат – көпбалалы отбасылар санатында;
— 602 азамат – мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған жанұялар;
— 84 азамат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
— 980 азамат – әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелері;
— 869 азамат – мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала өкілдері.
Жаңа тұрғын үй заңнамасына сәйкес, 2025 жылдың мамыр айынан бастап азаматтардың кезекке тұру мүмкіндігі кеңейеді. Соңғы 5 жылда атына үй тіркелмеген кез келген азамат тұрғын үй кезегіне тұра алады. Бұл да қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің бір тетігі болмақ.
Қорытындылай келе, Түлкібас ауданындағы бұл шара – ел Үкіметінің тұрғын үй саясатының нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Әлеуметтік осал топтарды қолдау, баспана мәселесін шешу – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осындай нақты жұмыстар арқылы өңірдегі азаматтардың өмір сапасы артып, болашаққа деген сенімі беки түсетіні анық.

ТҮРКІСТАН: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ МӘЖІЛІСІНДЕ МӘСЕЛЕЛЕР АШЫҚ АЙТЫЛДЫ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *