Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті мәжілісі өтті. Жиын барысында өңір экономикасын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың іске асу жағдайы мен өзекті мәселелері жан-жақты қаралды. Кеңеске аудан және қала әкімдері, салалық басқарма басшылары, инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.
Мәжілістің негізгі мақсаты – облыс аумағында жүргізіліп жатқан және жоспарланған инвестициялық жобалардың нақты орындалу барысын саралау, туындаған түйткілдерге шешім табу, сондай-ақ әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдауды тиімді үйлестіру болды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобалардың өңірлік экономика үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, қатысушыларды жұмысты жедел әрі үйлесімді жүргізуге шақырды.
– Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды. Әр жоба – жаңа жұмыс орны, салық түсімі, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы нақты қадам. Осы мәжілісте өзекті мәселелерді ашық айтып, шешу жолдарын бірлесе ұсынуымыз қажет. Жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыру – басты міндет. Облыс әкімдігі тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі, – деді аймақ басшысы.
Ірі жобалар таныстырылды:
Күн тәртібінде өңір үшін маңызды саналатын бірнеше инвестициялық жоба қаралды. Атап айтқанда:
— Сайрам ауданында қуаттылығы жоғары ет комбинаты мен мал бордақылау алаңының құрылысы жүріп жатыр. Жоба іске қосылған соң өңірдің ет экспортын арттыруға және ет өнімдерін өңдеу үлесін ұлғайтуға мүмкіндік туады.
— Түркістан қаласында бірқатар өндіріс ошақтары салынып жатыр. Оның ішінде қаптама материалдарын өндіретін зауыт, сэндвич-панельдер, поролон, қасбеттік материалдар, әртүрлі шам түрлері және өндірістік полиэтилен қаптамаларын өндіретін зауыттың құрылысы қолға алынған.
— Арыс қаласында минералды су және алкогольсіз сусындар шығаратын цехты кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл кәсіпорын ішкі нарықты сапалы өніммен қамтумен қатар, экспорт әлеуетін де арттырмақ.
— Төлеби ауданында кіші гидроэлектр станцияларының құрылысы қолға алынуда. Бұл жобалар «жасыл энергетиканы» дамытуға бағытталған және өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге сеп болмақ.
— Шардара ауданында жүгері өңдеу зауытының жобасы талқыланды. Бұл кәсіпорын агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыруға сеп болады.
— Мақтаарал ауданында мақта тұқымын өңдеу, тамшылатып суару жүйелері мен полиэтилен құбырларын өндіретін зауыт салу жобасы жоспарланған. Бұл жоба агросаладағы жаңа технологияларды енгізуге, сондай-ақ су үнемдеу шараларын тиімді іске асыруға бағытталған.
Мәселелер мен шешімдер:
Жиында жобалардың қазіргі жағдайы бойынша бірқатар проблемалық мәселелер көтерілді. Олардың қатарында инфрақұрылым жетіспеушілігі, инженерлік желілерді жеткізу, жер телімдерін рәсімдеу, рұқсат беру құжаттарының мерзімінде берілмеуі сынды түйткілдер бар. Әкім әрбір жобаның жол картасы әзірленіп, орындалу барысы тұрақты бақылауда болатынын ескертті.
– Инвесторларға нақты қолдау көрсету – біздің басым міндеттеріміздің бірі. Әкімдік тарапынан барлық қажетті инфрақұрылым жеткізілуі тиіс. Жергілікті билік жобалардың рұқсат беру құжаттарын кешіктірмеуі қажет. Жұмысты кешіктірген әкім орынбасарларына және сала басшыларына шара қолданылатын болады, – деді Нұралхан Көшеров.
Нәтиже мен келешек:
Қазіргі таңда Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар саны 100-ге жуық. Олардың жалпы құны – 130,3 млрд теңге. Бұл жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Жобалар есебінен 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылып, облыс бюджетіне 2,1 млрд теңге көлемінде салық түскен.
Алдағы уақытта облыс әкімдігі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жүйесін күшейтіп, барлық кәсіпкерлік бастамаларға қолайлы жағдай жасауды көздеп отыр. Бұл өңірлік дамудың жаңа кезеңіне жол ашып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға айтарлықтай серпін береді.
ТҮРКІСТАН: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ МӘЖІЛІСІНДЕ МӘСЕЛЕЛЕР АШЫҚ АЙТЫЛДЫ

Comments