ЖаңалықтарЭкономика

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ЗАУЫТТАР МЕН КӘСІПОРЫНДАР САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында өндірісті өркендету, инвестициялық климатты жақсарту және жұмыс орындарын көбейту бағытында ауқымды жұмыстар жалғасуда. Осыған орай облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті мәжілісі өтті. Жиынға инвесторлар, аудан және қала әкімдері, басқарма басшылары, сондай-ақ кәсіпкерлік пен инвестиция саласына жауапты мекемелердің жетекшілері қатысты.
Күн тәртібінде өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі ахуалы, олардың іске асырылу кезеңдері және кездесіп отырған өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Облыс әкімі жиын барысында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, жобаларды тиімді және мерзімінде іске асыру қажеттігін атап өтті.
Бүгінгі инвестициялық штаб отырысында біз өңір экономикасының болашағы үшін маңызы зор жобаларды қарастырып отырмыз. Әрбір инвестициялық бастама — бұл жаңа жұмыс орны, жергілікті өнім, салық түсімі және әлеуметтік тұрақтылық. Сондықтан аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары ұйымдастыру, үйлестіру, инфрақұрылым мәселелерін дер кезінде және тиімді шешулері қажет. Біздің басты мақсатымыз – өндіріс орындарын ашу, отандық өнім көлемін ұлғайту және инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжіліс барысында инвесторлар мен кәсіпкерлер өз ұсыныстарын, пікірлері мен проблемаларын ортаға салды. Кейбір жобаларда шешілмей жатқан инфрақұрылым, жер телімдері, техникалық рұқсаттар сияқты мәселелердің бары анықталды. Облыс әкімі бұл түйткілдердің барлығын жедел шешуді тапсырды. Сонымен қатар жұмысты баяу ұйымдастырып отырған басшыларға сын-ескертпелер айтылып, қызмет тиімділігін арттыру міндеттелді.
Мәжілісте бірқатар нақты жобалар бойынша мәліметтер ұсынылды. Мәселен, Сауран ауданында «Xingtai Tiancheng Textile Co., Ltd.» компаниясы мақта өсіру, жіп иіру және тоқыма өндірісі бойынша зауыт салу жобасын іске асыруда. Бұл жоба аясында 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Зауыт іске қосылғаннан кейін тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қоймай, өнімді экспортқа шығару әлеуеті де қарастырылып отыр.
Ал Ордабасы ауданында майлы және желатинді компоненттерді өндіруге бағытталған, ірі қара малдың сүйектерін қайта өңдейтін заманауи зауыт салу жоспарланған. Бұл өндіріс орны шикізатты терең өңдеуге мүмкіндік береді және ауыл шаруашылығы өнімдерін кешенді игеру бағытында маңызды рөл атқарады.
Түркістан қаласында да бірқатар өндірістік нысандар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС-нің салқындатқыш жабдықтар шығаратын зауытының екінші кезеңінің құрылысы белсенді жүріп жатыр. Сонымен қатар, қалада еденге арналған жабын материалдарын, бір реттік ыдыстарды, кептірілген жемістерді өндіретін зауыттар мен өзге де өндірістік кәсіпорындардың құрылыс барысы да назарға алынды.
Жиын қорытындысында облыс әкімі барлық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын күшейту қажеттігін айтып, әкімдер мен басқарма басшыларына инвесторлармен тығыз жұмыс істеуді, кәсіпкерлік бастамаларға барынша қолдау көрсетуді тапсырды.
Айта кетейік, 2025–2028 жылдар аралығында Түркістан облысында жалпы құны жүздеген миллиард теңгені құрайтын 110 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Ал 2025 жылдың соңына дейін 322 млрд теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосу және 6908 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Жалпы, биылғы жылдың алғашқы бес айының өзінде өңірге 196,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артық. Бұдан бөлек, индустриялық аймақтар мен шағын өндірістік парктер де кәсіпкерлер үшін инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, қолайлы жағдайлар жасалуда.

ТҮРКІСТАНДА ІТ ПАРК САЛУ ЖОБАСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАНДА «CYBER QURYLTAI: ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ОАЗИСІ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМ ӨТУДЕ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *