Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыстың цифрлық даму әлеуетін арттыру мақсатында инвесторлармен кездесіп, Түркістан қаласында ІТ парк салу жобасын талқылады. Бұл – заманауи технологиялар мен инновациялық өндірісті өңірге тартуға бағытталған ірі бастамалардың бірі болып отыр.
Кездесуде тараптар аталған жобаны Түркістан өңірінде жүзеге асырудың нақты жолдарын қарастырып, өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Облыс әкімі өңір әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін баса айтып, жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды.
– ІТ парк салу мәселесін жан-жақты әрі терең пысықтау қажет. Барлық техникалық, заңдық және инфрақұрылымдық талаптар ескеріліп, нақты келісімге келгеннен кейін біз жобаны іске асырудың Жол картасын әзірлеуіміз керек. Бұл – тараптардың міндеттемелерін жүйелеуге және іске асыру тетіктерін нақтылауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Нұралхан Көшеров.
Өңір басшысы инвестордың ұсыныстары мен пікірлерін мұқият тыңдап, оларды одан әрі зерделеуге әзір екенін білдірді. Кездесуде ІТ парктің құрылысы аяқталғаннан кейін өңір экономикасына қандай серпін беретіні туралы нақты болжамдар айтылды. Егер жоба сәтті жүзеге асса, бұл Түркістан облысының технологиялық, индустриялық және инвестициялық әлеуетінің артуына зор үлес қосады.
Жобаның аясында бірнеше бағыт қамтылмақ. Атап айтқанда, электроника, компьютерлік жабдықтар, электр құрылғылары, оптикалық кабельдер мен тұрмыстық техникалар шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар, электромобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталықтарын құру көзделуде. Электромобильдерге арналған қуаттау станцияларының инфрақұрылымын қалыптастыру да жоба шеңберінде жүзеге аспақ.
Бұдан бөлек, ІТ паркте жасанды интеллектке негізделген технологиялық шешімдерді әзірлеу мен енгізу бойынша арнайы зертханалар мен стартап алаңдарын ашу ұсынылуда. Бұл өз кезегінде отандық ІТ саласының дамуына, жергілікті кадрларды оқыту мен жұмысқа тартуға, сондай-ақ жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдету, техникалық-экономикалық негіздеме дайындау және инвестициялық келісімнің шарттарын нақтылау бағытында жұмыс жүргізуге уағдаласты. Түркістан облысы әкімдігі жобаны жоғары деңгейде жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға әзір екенін тағы да растады.
ТҮРКІСТАНДА ІТ ПАРК САЛУ ЖОБАСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Comments