Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің алдағы 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындығын бағалады. Іссапар барысында ол өңірдің бірқатар стратегиялық нысандарын аралап, әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Сапар аясында Ермек Маржықпаев алдымен Түркістан қаласындағы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына барды. Аталған кәсіпорын 2009 жылдан бері қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылу энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі таңда мекеме 18 қазандық бөлімшеде орналасқан 77 дана қазандықпен жұмыс істейді. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 56,243 шақырымды құрайтын жылу жүйелері арқылы жылу тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі таңда орталық жылумен қамтамасыз ету жүйесіне 223 көпқабатты тұрғын үй, 18 бюджеттік мекеме, 55 кәсіпкерлік нысан және 36 жеке тұрғын үй қосылған. Бұл — қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс екенін көрсетеді. Кеңесші кәсіпорын қызметімен танысып, алдағы жылыту маусымына қатысты жоспарланған шаралармен егжей-тегжейлі танысты. Ол қызметкерлермен кездесіп, жылу жүйесінің техникалық жағдайы мен жаңғырту жұмыстары бойынша пікір алмасты.
Сапар барысында Ермек Маржықпаев «TURAN» арнайы экономикалық аймағына да барды. Мұнда ол аймақтың инфрақұрылымдық даму деңгейімен танысып, іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларды аралады. Аталған аймақ шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды жағдайлар мен жеңілдіктер ұсынатыны белгілі. Кеңесші жаңа жобалармен танысып, Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Жұмыс сапары Кентау қаласында жалғасын тапты. Кеңесші алдымен қаладағы трансформатор зауытына барып, өндірістік цехтарды аралады. Онда зауыттың қазіргі өндірістік қуаты мен техникалық жаңартулармен танысты. Бұл өндіріс орны өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі мен индустриялық әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарады.
Одан кейін Ермек Маржықпаев Кентау Жылу энерго орталығына барды. Онда биыл жүргізіліп жатқан жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Кеңесші орталық қызметкерлерімен кездесу барысында алдағы қыста тұрғындарды үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз ету – негізгі басым бағыт екенін баса айтты.
Сапар қорытындысында Ермек Маржықпаев Түркістан облысында жылу және энергетика саласындағы жұмыстарға оң баға беріп, аталған бағытта мемлекеттік қолдау жалғасатынын мәлімдеді. Ол өңір басшылығына бірқатар нақты ұсыныстарын жеткізіп, келешекте халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жобаларға Үкімет тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.
ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ КЕҢЕСШІСІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

Comments