Жетісулық Рухтастар Рәміздер күніне орай Ту ілді
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Жетісу облысында патриоттық бастама қолға алынды. «Менің Елім – Менің Туым» республикалық акциясы аясында облыс жастары, оның ішінде «Рухтастар» жастар қозғалысының белсенділері Мемлекеттік Туға деген ерекше құрметін іс жүзінде көрсетті.
Шара барысында Талдықорған қаласындағы бірқатар тұрғын үйлер мен мекемелердің маңдайшаларына көк байрақ ілінді. Рухтастар бұл арқылы Туға деген сүйіспеншілікті, елдік сананы және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті дәріптеуді мақсат етті.
– Ту – Тәуелсіздігіміздің символы. Көк байрағымызды жоғары көтеру арқылы біз өз болашағымызға, бірлігіміз бен егемендігімізге деген сенімді нығайтамыз. Бұл тек акция ғана емес, ұрпақ санасына ұлт рухын сіңірудің бір жолы, – дейді акцияға қатысушы жастардың бірі.
Айта кету керек, Мемлекеттік рәміздер – Елтаңба, Ту және Әнұран – кез келген елдің тәуелсіздігін айқындайтын басты белгілер. Қазақстанда бұл күн 1992 жылдан бері мемлекеттік мереке ретінде аталып келеді.
Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, елдік құндылықтарға деген құрмет арта түседі. Рухтастардың бұл бастамасы елге, жерге деген үлгінің құрметі болары сөзсіз,- деп атап өтті “AMANAT” партиясы жанындағы “Жастар Рухы” Жастар қанаты Жетісу облыстық филиал төрағасы м.а Жумалиева Асель Төреханқызы.
Comments