Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 1987 жылғы шешімімен 26 маусым — Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні ретінде белгіленген.
Сол уақыттан бері жыл сайын бүкіл дүние жүзінде, оның ішінде біздің елімізде де бұл күн ерекше атап өтіліп келеді. Бұл күн қоғамның назарын нашақорлықтың әлемдік проблемасына, оның салдары мен оны жеңуге бағытталып, күш-жігерін осы мақсатқа аударуға арналған.
Бірнеше жылдан бері осы күн қарсаңында елімізде бір ай бойы, яғни 26-мамырдан бастап 26-маусымға дейін есірткіге қарсы және нашақорлықтың алдын алу мақсатында түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Биыл да дәстүрге айналған осы бастаманың аясындағы кезекті іс-шаралар 26-мамырда бастау алды.
Осы мақсатта Шымкент қаласында айлық іс-шараларды іске асыру бойынша арнайы жоспар бекітілген. Жоспар аясында есірткіге қарсы және нашақорлықтың алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар – арнайы кездесулер, қоғамдық қабылдаулар, ашық есік күндері, акциялар, челлендждер, флешмобтар, түрлі байқаулар, спорттық, мәдени, танымдық және және өзге бағыттағы іс-шаралар өткізіледі.
Нашақорлық бүкіл адамзат қоғамы бетпе-бет келіп отырған үлкен қасірет. Сол себепті, онымен әрқашан тоқтаусыз күресіп, ғасыр індетінің өршуіне жол бермеу, аса қауіпті әрі әлеуметтік кеселдің алдын алу — баршаға ортақ іс.
Барлық азаматтарды есірткіден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз! Қоғамның топтасуы мен бірлескен қарсы іс-қимылы есірткімен күрестегі және нашақорлықтың алдын алудағы маңызды қадам болып табылады.
Comments