Шымкенттегі «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының отырысы өтті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары мен қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы қатысқан жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды іске асыру, ақпараттық кеңістіктегі жауапкершілік пен кәсіби этика жайы талқыланды.
Қалалық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Әбдез Иманқұлов ашып, жүргізген жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев, сенатор Ғалиасқар Сарыбаев, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова, «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директорының кеңесшісі Бақтияр Тайжан, «Muzbalaq.kz» сайтының бас редакторы Базаркүл Қалбыр, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Спикерлер БАҚ пен әлеуметтік желідегі мемлекеттік этносаясат аясында атқарылған жұмыстарды жазып, жариялау кезінде кездесетін кемшін тұстар мен жетістіктер, этносаралық қатынастар саласының негізгі түсініктері мен терминдерін дұрыс пайдалану және облыстық, қалалық, аудандық БАҚ-та еңбек ететін журналистер қауымының әлеуметтік жағдайын жақсарту, жалақыларын көтеру жайында ұсыныс-пікірлерін айтып, жеткізді.
Іс-шараға БАҚ өкілдері мен блогерлер, қалалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Журналистика және қазақ тілі» кафедрасының студенттері қатысты.
Айта кетейік, Шымкент қалалық ҚХА Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубы 2018 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Клубтың негізгі міндеті – жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, этносаралық келісімді, патриотизмді және рухани-мәдени тұтастықты нығайтуға ықпал жасау, этносаралық және конфессияарпалық қатынастар тақырыптарын жариялау мәселелерінде журналистік қауымдастықтың жауапкершілік сезімін қалыптастыру, азаматтық сәйкестік, патриотизм, этноконфессиялық төзімділік туралы материалдардың БАҚ-та жариялануын қамтамасыз ету.
Қоғамдық келісім баспасөз қызметі
#ҚХА30жыл #30летАНК #Шымкент #Shymkent
Comments