12-16 мамыр аралығында елімізде Республикалық репродуктивті денсаулық апталығы өтуде. Ауқымды шараның басты мақсаты – халықтың, әсіресе жастардың, репродуктивті денсаулық туралы сауаттылығын арттырып, отбасы институтының нығаюына ықпал ету. Сонымен қатар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы және АИТВ жұқтырған жаңа жағдайлардың көбеюінің алдын алу мақсаты да күн тәртібінде. Бұл туралы бүгінгі Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.
Апталық Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Іс-шараға бейінді министрліктермен қатар, ЮНФПА, ДДСҰ, ЮНИСЕФ секілді халықаралық ұйымдар мен ҮЕҰ-дар кеңінен атсалысып жатыр.
Репродуктивті денсаулық – қоғам дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Алайда соңғы жылдары елімізде жасөспірімдер арасындағы жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен ерте жүктілік жағдайларының артуы алаңдаушылық тудырып отыр. ЮНФПА ұйымының мәліметінше, 15-19 жас аралығындағы жастардың 60 пайыздан астамы ЖЖБИ мен қалаусыз жүктіліктің алдын алу әдістерін білмейді. Сондай-ақ, АИТВ-инфекциясының жыныстық жолмен берілу жағдайлары да жылдан-жылға артып отыр. Бұл – ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігін көрсетеді.
Осыған орай, апталықта бес күн – бес маңызды тақырып талқыланбақшы. Апталық аясында еліміздің барлық өңірлерінде ашық есік күндері, дәрістер, семинарлар, ата-аналармен кездесулер, скринингтер мен тегін медициналық кеңестер ұйымдастырылуда. Жастар денсаулығы орталықтары мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары белсенді түрде жұмылдырылып, мамандар мен сарапшылар әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер өткізіп, өзекті сұрақтарға жауап береді.
– Өткен жылғы өткен апталық өз нәтижесін берді. Тәжірибе бұл бастаманың қоғам үшін өзекті әрі қажетті екенін көрсетті. Сондықтан апталықтың жыл сайын өткені дұрыс деп шештік. Апталық аясында халықтың денсаулығын нығайту, адам ағзасына және болашағына саналы көзқарас қалыптастыру, салауатты ұрпақ тәрбиелеп шығу мақсатында барлығымыз жұмылып, жұмыс істеуіміз керек деп білемін. Барлықтарыңызды ақпараттық қолдауға шақырамыз. Бізге әрбір азаматтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы маңызды. Бұл тек жеке адамның емес, ұлттың денсаулығы үшін де аса өзекті», – дейді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Шымкент қаласы әкімінің гендерлік мәселелер бойынша кеңесшісі Баян Жандосова.
Репродуктивті денсаулық апталығының ерекшелігі – мемлекеттік, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың тығыз әріптестігі. Жастар ресурстық орталықтары мен денсаулық сақтау ұйымдары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандырып, медициналық қызметтерді қолжетімді етуге күш салады деп күтілуде. Сонымен қатар, қаладағы жастар денсаулық орталықтарының да белсенділіктері осындайда көрінбек.
Апталықта сондай-ақ, жатыр мойны обыры қатерлі ауруының алдын алу мақсатында жасалынатын вакцинацияны да барынша халыққа түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі.
– Себебі, жас қыздар заң жүзінде өзі келісім бере алмайды, мақсатымыз оның керектігін, мақсатын ата-анаға түсіндіріп айту. Әркімнің көзқарасы әртүрлі, бірақ бұл өте керек вакцина болып есептеледі. Бұл апталық – жай ғана ақпараттық шара емес. Бұл – әрбір азаматтың репродуктивті денсаулық туралы сауатын арттырып, дені сау ұлт қалыптастыру жолындағы нақты қадам. Себебі салауатты ұрпақ – жарқын болашақтың негізі, – дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева.
«Салауатты ұрпақ – ұлт болашағы» десек, бұл шараның тек мамандардың ғана емес, әлеуметтік шара екенін, ұл, қыз өсіріп отырған әр отбасы мүшелерінің атсалысатын шара екенін түсінеміз.
«Шымкент келбеті»
Comments