Шымкенттегі «Достық үйінде» 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік концерт өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ғабит Сыздықбеков, салалық басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері және жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. этномәдени бірлестіктердің төрағалары және қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік іс-шара аясында этностардың мәдени көрмесі ұйымдастырылып, этнос өкілдерінің ұлттық киімдері мен тұрмыстық бұйымдары, сондай-ақ ұлттық тағамдары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме қала тұрғындары мен қонақтарына еліміздегі этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрімен танысуға мүмкіндік берді.
Салтанатты жиында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жиналған жұртшылықты 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтау жолында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде: «Қазақстан берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың мерейлі мекеніне айналды. Болашағын Отанымызбен байланыстырған этнос өкілдері елдігімізді танытар игі бастамаларға қолдау көрсетуде. Ал осыдан 30 жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісімге бағытталған мемлекеттік саясатты жүйелі жүзеге асырып келеді. Шымкент ежелден достық пен бауырластықтың киелі мекені саналған. Қаламыздың өсіп-өркендеуінде сан ұлт өкілдерінің үлесі бар. Кемел келешегіне нық қадам басып отырған қаламыз алдағы уақытта да осы қалпынан айнымайды деген сенімдемін», – деді.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік медаль 76 азаматқа табысталды. Бұл марапаттар қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына белсене араласып, мемлекеттік саясат аясында тұрақты түрде қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға үлес қосып жүрген белсенді азаматтарға берілді.
Айта кетейік, бүгінде еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкентте 1 261 709 адам тұрады. Қала тұрғындарының 30%-ға жуығын этнос өкілдері құрайды. Ал түрлі этностардың басын бір арнаға ұйыстырған қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 16 этномәдени бірлестік пен 7 қоғамдық құрылым әрекет етеді.
Қоғамдық келісім баспасөз қызметі
#ҚХА30жыл #30летАНК #birlik #Бірліккүні #birlik2025
Comments