Сіздерге бір оқиға айтайын. Ол кезде мен алтыншы сыныпта оқимын. Үйде бір сиыр бар. Көктемде сол сиыр туды. Бірақ неге екені есімде жоқ, бұзауы екінші күні өліп қалды. Әлі уызы сүтке айналмаған сиыр бұзауын іздеп мөңірегенде, көзіндегі мөлдіреген жасты көргенде, басқаны қайдам, еңіреп жылағаным есімде. Әжем жарықтық бұзаудың денесін қораға кіргізіп, жеңгем екеуі ешкімге көрсетпей, сойды. Терінің ішіне сабан салып тыңқитып, таңертең сиыр алдына қойды. Мұны тұлып дейді екен. Ол әлгі тұлыпты иіскеп-иіскеп, түртіп-түртіп қояды. Сонан кейін жанына адам жолатып, иіп, сауғыза бастады.
Иә, басқа өңірді қайдам, біздің Оңтүстік өңірде өлген малдың терісін тұлып дейді. Неге екені белгісіз, Шымкенттегі Tulip Hall-ды естіген сайын,осы оқиға есіме түседі.
Tulip Hall — Шымкент қаласындағы көпфункционалды кешен. Бұл ғимарат 2024 жылы ашылып, мәдени және қоғамдық іс-шаралар өткізіліп келеді.
Үш қабатты кешеннің 2 000-нан аса көрерменге арналған концерттік залы бар, сонымен қатар, 190 орындық конференц-залы да қызмет етуде.
Ағылшын тілінде «tulip» сөзі «қызғалдақ» деген мағынаны береді. Қазақ тілінде «тұлып» сөзі «өлген малдың терісі» деген мағынаға ие, сондықтан «Tulip Hall» атауы қазақ тілінде қолайсыз естіледі. Мұндай жағдайларда шетел тіліндегі атаулардың орнына қазақ тіліндегі баламаларын қолдану әлдеқайда орынды. Мысалы, «Қызғалдақ сарайы» атауы ұлттық нақышты көрсетіп, мәдени құндылықтарды дәріптейді .
Мемлекеттік тілдің қолданылуы — ұлттың болашағын қорғаудың кепілі. Тіл сақталмаса, ұлттың да болашағы жоқ. Сондықтан, елдімекендер мен мекемелер атауларын қазақ тілінде жазып, ұлттық рухты нығайтуымыз қажет-ау…
Қазақ тілі — халқымыздың мәдени және рухани мұрасы. Тіл — өмір сүріп отырған мемлекеттің жаны да, тәні де. Ендеше, ана тілімізді қадірлеп, оны күнделікті өмірде кеңінен қолдануға барынша елім деген азаматтар үлес қосса деймін. Өлген малдың тұлыбын күнделікті айтпай, қызғалдаққа айналдырғанға не жетсін! Мұнан басқа да қазақы ат қоямын десе, әдемі аттарды тауып береді ғой небір атпал азаматтар.
Ештен кеш жақсы, ағайын!
Базаркүл ҚАЛБЫР
Comments