Романтикалық новелла
Күздің сарғайған жапырақтары жерге төселіп, жел баяу ғана тербеліп тұрған. Қобыланды аялдамада отыр. Сағатына үңіліп қойып, көзін жол бойына тігеді. Ол оны күтіп отыр — автобуста бір-ақ рет көрген, бірақ жүрегіне өшпестей із қалдырған бейтарап, бірақ сұлу қызды. Арнап өлең жазды, ойымен әлгі сәтке күнде қайта-қайта оралады.
Сол бір күн есінде: автобусқа кешкілік мінген, орын болмаған. Қобыланды артқы жақта тұрды. Көзінің қиығымен қарсы алдындағы нәзік қызға үңілді. Сөйлеспеді, тек көзқарастар, сәттік күлімсіреу, аялдама… сол ғана.
Содан бері ол қыз күнде ойында. Ол мінген бағыттағы автобустың уақытын біліп алды, кейде сол аялдамада ұзақ отырады. Әр жолаушыдан үміт күтеді.
Күз. Тағы бір кеш. Аялдамада тағы да үмітпен Қобыланды. Кенет — автобус тоқтайды. Ішінен түсіп келе жатқан қыз…. Бір сәтке көздері түйісті. Қыз езу тартып күлімдеді.
— Сәлем, біз таныс шығармыз? — деді жұмсақ үнмен.
Қобыланды жүрегінің дүрсіліне жауап таба алмай, басын изеді.
— Мүмкін… сол аялдамада… күзде…
— Сол сәтті мен де ұмытпаппын, — деді қыз да.
— Мен…мен Қобланды, — деп қолын созды жігіт.
— Ал, мен Жасмин, — деді қыз күлімсіреп…
Жапырақтар сыбдырлап жатты. Қобыланды енді өлеңдерін жай ғана жазбайды — ол енді оларды бірге оқи алады…
Жасмин мен Қобыланды сол күні аялдамадан ұзақ кетпеді. Екеуі қатарласа жүріп, жақын маңдағы саябаққа бұрылды. Айнала алтын түске боялған, ағаштар сыбдырлап, күздің тыныш көрінісі тек екеуіне куә болғандай..
— Сен өлең жазасың ба? — деп сұрады Жасмин, қолын пальтосының қалтасына жасырып.
— Иә. Саған арнадым. Бірақ сен ол кезде мені байқамағандай көріндің…
— Мен байқамадым емес… тек сен менімен сөйлесер ме екен деп күттім. Бірақ сен… тек қарадың.
Қобыланды жүрегінен бір түйін шешілгендей сезінді.
— Мен сені көріп, бір сәтте бәрін ұмытып қалдым. Атың кім екенін де сұрауға батылым жетпеді. Бірақ күнде сол автобусты күттім. Мүмкін тағы көрермін деп.
Жасмин жымиды. Оның күлкісі Қобыландының өлеңдеріндегі нәзік образдардан да артық еді.
Бейтаныс қыз автобуста кездескен,
Аялдама сезім бе еді мен кешкен ?
Көнілімде көктем болып басталып,
Түсіп калдың ештеңені сезбестен.
Тал бойыңда тапқан бәрі жарасым,
Жүрегімде сезім отын жағасын.
Бар әлемнін сұлулығын жиып ап,
Бейтаныс қыз қайда кетіп барасың?
Өмір — өзен ағысынан жаңылмас,
Балғын күлкің басқа ешкімнен табылмас.
Сен мінетін автобустың уақытын,
Тағы кімдер біледі екен қарындас?..деп өлеңін оқыды Қобланды…
— Ендеше, бүгін біз екінші аялдамамызды таптық. Келесі аялдама қайда болмақ?, — деп сұрады Жасмин…
Қобланды сәл ойланып, қалтасынан қағазын шығарып, бір шумақ оқи бастады:
Сенесіз бе?
Сағындым,
Сізді көрмей…
Үмітіммен күй кештім үздігердей.
Сізді әйтеуір жаныма жақын тұтам,
Бәлкім, жақсы көрерсіз күзді мендей?!
Мен білмеймін.
Сезімді кештік нендей?
Бірақ бізге бір бақыт кеш біткендей,
Сағынуға, сүюге бола ма екен,
ҮНІН, ӨЗІН… Адамның естіп… Көрмей…
…Жаныңызда күнде жүргендей сезінемін,
Жаныңыздан не болам, жырақтасам?.. дегенде Жасмин еппен жігіттің қолынан ұстады.
— Қобыланды, келесі аялдама – менің жүрегім болсын. Бар болса, бірге барайық…деп сыбырлады,..
Екеуі күзгі самал соққан жылы кеш бітпесін дегендей, қала шамдарына қарай қол ұстасып жүріп кетті. Аялдамада болса, жапырақтар баяу сырғып, жаңа махаббаттың куәсі болып қала берді…
Қобланды АБЕНОВ
Comments