Бүгін, 28 наурыз күні Қаратал ауданында кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібі бойынша бірнеше маңызды мәселелер қаралды.
Кеңесте қаралған басты мәселелердің бірі аудандық жер комиссиясындағы аудандық кәсіпкерлер палатасының кандидатурасы болды. Бұл мәселе кәсіпкерлердің жер пайдалануға қатысты құқықтарын қорғауға, сондай-ақ жер мәселесінде туындайтын қиындықтарды шешуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Одан кейін кеңес мүшелері ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, осы жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласында қант қызылшасын егу жұмыстарының маңызды екендігі атап өтілді. Кеңес мүшесі Диаз Шәріпбекұлы бұл мәселені ерекше көтеріп, тәтті түбір қант қызылшасының егіс жұмыстарының қажеттілігі мен оны тиімді жүргізу жолдары туралы сөз қозғады. Қант қызылшасының егіс көлемі ұлғайып, оның өнімділігі артса, бұл аудан экономикасына да оң әсерін тигізері сөзсіз.
Отырыс барысында прокурорлық сүзгі мәселесі де қаралды. Кәсіпкерлердің жұмысына қатысты тексерулер мен мониторингтердің тиімді жүргізілуі, заңсыз әрекеттерден қорғау үшін екені жайлы Жетісу облысы Кәсіпкерлер Палатасының Қаратал ауданы филиалының директоры Мержан Советханұлы бұл бағытта кеңеске түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Прокурорлық бақылаудың кәсіпкерлер үшін тиімділігі мен оларды қолдау мақсатында атқарылатын жұмыстар талқыланды.
Жалпы, бүгінгі отырыс кәсіпкерлік саласындағы барлық қатысушылардың ашық пікір алмасуына және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етті. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен жер мәселесі бойынша қабылданған ұсыныстар кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталатын болады.
Кеңес мүшелері Қаратал ауданының кәсіпкерлік саласын одан әрі дамыту үшін ортақ күш-жігер жұмсауға дайын екендіктерін білдіріп, алдағы уақытта да осындай өнімді отырыстардың жалғасатынын атап өтті.
Қобланды АБЕНОВ
Comments