Бүгін Түркістан облысының Ордабасы ауданында ұлттық бірлікті, ынтымақтастықты дәріптейтін Әз-Наурыз мерекесі ерекше салтанатпен аталып өтті. Бұл тек көктемнің келуі мен табиғаттың жаңаруы ғана емес, сонымен қатар ел тарихындағы маңызды оқиғалармен тікелей байланысты мереке.
ТАРИХҚА КӨЗ САЛАЙЫҚ
Ордабасы тауы – қазақ халқы үшін қасиетті орындардың бірі. 1726 жылы дәл осы жерде үш жүздің басшылары бас қосып, жоңғар шапқыншылығына қарсы бірлескен шешім қабылдаған. Бұл тарихи сәт қазақ халқының тұтастығын сақтап, елдігімізді қорғауға үлкен серпін берді. Сол кездегі бірлік пен ынтымақтың арқасында қазақ жауынгерлері кейіннен Аңырақай шайқасында жеңіске жетті.
Ордабасыдағы басқосу тек тарихпен шектелмейді. Бүгінде бұл жер түркітілдес елдердің ынтымақтастығы мен бауырластығын бейнелейтін символға айналды. Бұған дәлел – осыдан бірнеше жыл бұрын үш елдің президенттерінің осы жерде кездесуі. Бұл жиын қазақ елінің ғана емес, ауылы аралас, қойы қоралас Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстан мемлекеттерінің ортақ тарихы мен мүддесін ұлықтаған сәт болды.
БҰЛ ІС-ШАРА — ҰЛЫ ТАРИХТЫ ЕСКЕ САЛУМЕН ҚАТАР ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУЫНА ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС
Бүгін Ордабасы төрінде өтіп жатқан Әз-Наурыз мерекесі осы тарихи сабақтастықты жалғастырып, халықтың бірлігін одан әрі нығайтуға бағытталған іс-шара. Өйткені, мұнда көптен бері мұнда жиын болмай кеткен еді. Шара барысында ұлттық ойындар, салт-дәстүрді дәріптейтін көріністер қойылып, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, қыз-келіншектердің 30 күбі пісуі мен 1 тонна наурызкөже үлестіруі елдің есінде жақсы сақталатын болды. Бұл еліміздің ұлттық салт-дәстүріне ерекше құрмет екені даусыз.
Бұл мереке тек табиғаттың ғана емес, ел рухының да жаңаруын бейнелейді. Ордабасыдағы той – бірлік пен келісімнің айғағы, ұлттық тарихтың ұрпақтар сабақтастығы арқылы жалғасатынын көрсететін маңызды шара.
Ордабасы – қазақ халқының тарихи тағдыры шешілген қасиетті мекен. Бүгінгі мерекелік шара осы ұлы тарихты еске салып, ұлттың рухани жаңғыруына, ынтымақтастығын арттыруға үлес қосады. Сондықтан бұл күнді тек Наурыз мейрамы ғана емес, елдің бірлігі мен болашағын ойлайтын сәт деп қабылдағанымыз жөн.
ТУРИСТЕР ТАМАШАЛАЙТЫН ОРЫНҒА АЙНАЛУЫ ТИІС
Бұл тарихи орынның соңғы жылдары назардан тыс қалғандай болып тұрғаны жасырын емес. Алдағы уақытта туристердің нағыз тамашалайтын орнына айналса, құба-құп болар еді.
Базаркүл ҚАЛБЫР
Comments