Жаңалықтар

«ЖУРНАЛИСТ ҚЫЗ, СӘЛЕМ!»

Адамның санасы қызық қой. Кейде біреуді ойласаң, алғаш сол адамды қалай көрдің, сол күйінде көз алдыңа елестейді. Фейсбук бүгін Дулат Әбіштің туған күні деп ескерткенде, мына оқиға көз алдыма келе қалды.

Онда мен аудандық «Ордабасы оттары» газетінде қызмет етемін. Түрлі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысатын кезім.Ол кезде қазіргідей түрлі қоғамдық кеңестердің көп кезі емес. Ауданда ардагерлер мен әйелдер кеңесі ғана бар. Соның екеуіне де мүшемін. Достарымның көбі ардагерлер кеңесінің мүшесі екенімді естігенде: «Онда неғып жүрсің, зейнеткер емессің ғой»,- дейді күліп. Ал ардагерлер кеңесіндегі ағаларым болса, «Біздің ісімізді көрсететін адам керек. Сондықтан біздің арамызда жүресің» дейді. Шамасы, сол бір жылғы тамыздың соңғы күндері болу керек, ардагерлер бір автобус болып, Оңтүстік өңірдегі киелі орындарды аралайтын болды. Қоярда-қоймай мені де ертіп алды. Сонымен бір автобус болып жолға шықтық. Түс қайта Қазығұрт баурайының бойында орналасқан , киелі деп қасиетті орын саналатын Ғайып Ерен Қырық Шілтенге келдік. Жаз болған соң ба, қай жерге барсақ та зиярат етушілер көп. Бізден бұрын келіп, Ата мен Ананың арасынан (мұнда биіктігі 15 метр болатын екі жартас бар) өтіп жатқандар көп екен. Төменгі жағында сылдырап су ағып жатыр. Сонда бір жас жігіт отыр. Қолында қалам мен қағаз. Қолындағыларды көріп, журналист пе екен деп ойладым. Расында да ойым дұрыс шықты. Таныса келе өзінің «Айғақ» деп аталатын газет ашпақшы екенін, ол басылымның апталық болатынын, тіпті бұл газетті ашудағы негізгі мақсаты, аты айтып тұрғандай, кемшілікті, онда да нағыз шындықты, айғақты мәселелерді ғана жазатынын әңгімеледі. Ақсақалдар оған «Арманыңа жет, айналайын» деп баталарын беріп жатты. Ол кезде жекеменшік басылымдардың көп емес кезі. Ұмытпасам, Иса Омардың Шымкенттен алғаш рет тәуелсіз «Жас дәурен» газетінің шығып, оның «Заманаға» айналған тұстары.

Сонымен, бір күні жексенбіде ауылдан Темірланға бармақ болып, көлік күтіп тұрғанмын. Бір машина тоқтай қалды да, «Сәлем, журналист қыз! Кел, отыр,»- деді жүргізуші жанында отырған жігіт. Кім де болса мені таниды екен ғой деп, көлікке отырдым. Қолын ұсынып жатыр аңқылдай сөйлеп. Жанындағыларға мені мақтап таныстыруда.

-Есіңде ме, ауыл ақсақалдарымен, өзіңмен Ғайып Ерен, Қырық Шілтеннің басында танысып едік қой.

— Иә, есімде,- деймін есіме түсіріп.

— «Айғақ» газетінің алғашқы нөмірлері шығуда. Өзіңе өтініш бар. Осы басылымға келсең, мен ұйымдастыру мәселелерімен айналысамын. Ал сен газетті шығаруға бас-көз болсаң. Арнайы барып айтамын деп жүр едім. Құдай бүгін жолда жолықтырып қалды. Ойлан,- деді. Менің ол кезде пәлен жыл кезекте тұрып, жаңадан үйге қолым жеткен кезі. Бір есептен облыс орталығы Шымкентке барғым-ақ келеді, бірақ тағы пәтер жалдап жүремін бе деген ой көлденеңдеп тұрып алады. Ақыры, сол көлденеңдеген ой жеңіп, бармай қалдым. Кейін ол жерде мен жақсы танитын жерлес әпкем Шаһаризада Дәнеева газетте де, «Айғақ» телеарнасында да ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, зейнетке шықты. Қазір газеті мен телевидениесінде талай жастар қызмет етіп, жазудың, журналистиканың не екенінен тәжірибе жинақтап, өмірдің түрлі саласында еңбек етіп жүр. Қазір байырғы журналист Ағабек Қазанбай аға да сонда қызмет етіп, жастарға тәжірибесімен бөлісуде.

Айтайын дегенім, жекеменшік басылым дегеннің не екенін енді ғана естіп жүргенде, тайсалмай «Айғақты» шығарып, оны республика бойынша көп тиражбен тарату екінің бірінің қолынан келмес еді. Ол үшін қиындықтан қаймықпайтын тәуекел мен жүрек керек. Осының екеуі де бойынан табылған Дәкең көп ұзамай, алғашқылардың бірі болып, 100 пайыз қазақ тілінде хабар тарататын телеарнаны да ашты. Осы газеті мен арнасы арқылы жылт еткен жақсылықты да, көптің көкейінде жүрген кемшілікті де көрсетіп, көрерменнің алғысына бөленді. Оның кең байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне осылай сөзі жетіп жатты.

Иә, ол газеті мен телеарнасы арқылы талай проблемаларды шешті дегенде, дендропарк бірден еске түседі. Осыдан үш-төрт жыл бұрын біреулердің көзі оған қатты түскенде, араша болып, сақталып қалуына көп ықпал етті.

Ол жанына бір топ қаламгерлерді ертіп, алыс-жақын шетелді аралап, құжатты фильмдер де түсіріп, көпшілікке ұсынды. Қазақтың тұңғыш тарихшысы атанған Мұхаммед Хайдар Дулатидің жүрген ізімен Үндістанның Нью-Дели қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы көшеден түсірген арнайы репортажы да жұртшылықтың әлі есінде.Әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыстағы қан майдан өткен Сталинград, Курск, Ржев, Волоколамск қалаларында болып, сонда жатқан талай майдангерлердің аты-жөнін жазып әкеліп, елге танытуының өзі үлкен қызмет. Ордабасылық Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаевтың Қалмақ Республикасында жүрген жерлерінен де репортаж түсіріп, сол елмен туысқандарының байланыс жасауына да септігін тигізді. Бүгінде сол кездегі түсірілген құжатты фильмдер «Алтын қор» қатарында сақталып, рухани байлыққа қосылған үлеске айналды.

Иә, Дәкең қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол облыстық мәслихатының бірнеше сайланған депутаты ретінде сайлаушылардың талап-тілегін, өтінішін орындауға да үнемі атсалысады.

Ол достыққа да өте адал. Өзі ғана емес, жас-кәрі демей жанына ақын-жазушыларды жинап, әлгінде жоғарыда айтқан өзі барған алыс-жақын шетелдерге де алып барды. Бұл оның кеңпейіл де ақжарқын екенін көрсетсе керек. Адамдарға жақсылық істеуден шаршамайтын Дәкең белгілі ақын, Физули атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Әбілда Аймақ өмірден өткенде оның басына ескерткіш тақта да орнатты. Айта берсе, оның көпшілікке атқарып жүрген қызметі көп-ақ. Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәслихаттың бірнеше дүркін депутаты болып сайлануы, Оңтүстік өңірінен журналистер арасынан тұңғыш Қазақстанның Журналистика Академиясының академигі атануы жайдан жай келе салған жоқ. Мұның бәрін журналистік пен өзіне жүктелген депутаттық қызметті барынша абыроймен атқарғанының нәтижесінде иеленгені анық. Оның артында еңбексүйгіштік пен талмай ізденушілік, қажырлы еңбек жатыр. Сіздің ақпараттық кеңістіктің дамуына қосқан үлесіңіз расында да мол.

Сізді бүгінгі туған күніңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр, шығармашылық табыс, отбасылық бақыт тілеймін. Әрдайым ел игілігіне қызмет етуден шаршамаңыз, абыройыңыз арта берсін!

Базаркүл ҚАЛБЫР

📌 Ресми хабарлама

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *