Жетісу облысында «Жайлы мектеп» осы жобасы аясында 7 мектептің құрылысы жоспарланған. 2024 жылы Панфилов ауданы, Жаркент қаласында 1200 орындық мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Ал биыл Алакөл ауданының Достық кентінде 600 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Аталған мектептің құрылыс барысымен танысу мақсатында «AMANAT» партиясы Алакөл аудандық партия филиалының төрағасы Қайрат Көкебаев, аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Жайлаубай Нұрмұхамедов және Кәсіпкерлер палатасының Алакөл аудандық филиалының басшысы Ардақ Тоқтабаев құрылыс алаңында болды.
Құрылыс алаңының басшысы Данияр Жазықбаевтың айтуынша, 600 оқушыға арналған білім ордасының құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған. Бүгінде негізгі монолитті жұмыстардың 80%-ы аяқталды. Құрылыс жұмыстарына 73 адам жұмылдырылған. Жұмысшылар барлық қажетті техникамен және құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілген.
Достық кентінде салынып жатқан жаңа білім ошағының құрылысын «AMANAT» партиясының депутаты Жайлаубай Нұрмұхамедов өз бақылауына алған.
– «Білім ошағының құрылысы ауа райының қолайсыздығына байланысты уақытша тоқтап қалған болатын. Қазір жұмыстар қайта жанданып, қарқынды жүріп жатыр. Барлық жоспарланған жұмыстар уақытында аяқталып, мектеп ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде», – деді депутат Жайлаубай Нұрмұхамедов.
«Жайлы мектеп» жобасы – балалардың сапалы білім алуына, қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам. Жаңа мектептер заманауи жабдықтармен қамтылып, оқушыларға жайлы орта қалыптастырылады.
Жалпы Жетісу облысында партияның Сайлауалды бағдарлама аясында Осылайша, білім беру саласында 2022-2024 жылдары 15 мектеп (5310 орындық) пайдалануға беріліп, 19 нысан күрделі жөндеуден өтті, 192 мектеп жаңғыртылды. Ағымдағы жылы 9 мектепті салу және күрделі жөндеу жоспарланған. Нәтижесінде, жөндеуге жататын 97 мектептің 40-ы немесе 41,2%-ы жаңартылады.
Comments