Жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ БАСТЫ НАЗАРДА

Кербұлақ ауданында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және өзекті мәселелерін шешу мақсатында тұрақты түрде қоғамдық қабылдаулар өткізіліп келеді. Бүгін «AMANAT» партиясының аудандық филиалында аудан әкімі Қанат Болатұлы Есболатов тұрғындарды қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады.

Қабылдау барысында аудан тұрғындары негізінен тұрғын үй, жер және әлеуметтік мәселелер бойынша сауалдарын жолдады. Әкім әрбір өтінішті мұқият қарастырып, тиісті мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Қоянкөз ауылының тұрғыны С. Сайлыбаев жүн өңдеу цехын ашып, қазақи үлгіде көрпе жасау кәсібін дамытқысы келетінін айтып, ғимарат пен несие алуға көмек сұрады. Аудан әкімі бұл мәселені шешу үшін Шанханай ауылдық округінің әкімі О. Сәтқалиевке ауылда бос тұрған ғимараттарды анықтап, заң аясында рәсімдеу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, кәсіпкерлікке қатысты сұрақтарға толық жауап беру үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры А. Бахтияровқа тиісті нұсқау берілді.

Сарыөзек ауылдық округінің тұрғыны Елбіхан Жақия өз кәсібін дамыту мақсатында бау-бақша егіп, жылыжай салу үшін жер телімін сұрады. Аудан әкімі кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарға әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтіп, заңға сәйкес түсініктеме берді.

Сарыөзек ауылының тұрғындары Хавдал Нұржанар мен Тамшыбайқызы Айнұр мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу мүмкіндіктері туралы сұрап, қажетті түсініктеме алды. Сонымен қатар, алдағы уақытта Сарыөзек ауылында салынатын ипотекалық тұрғын үйлерден баспана алу жолдары туралы ақпарат берілді.

2019 жылы мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен баспана алған Абдразақов Бауыржан тұрғын үйді жекешелендіру мәселесімен келген болатын. Өтініш иесіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес түсіндірме берілді.

Жоламан ауылынан келген ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жорогулов Чертанбай ауылдық округте учаскелік инспекторға арналған қызметтік үйдің салынбай қалғанын айтып, көмек сұрады. Аудан әкімі бұл мәселені шешу үшін ресми өтініш жазу қажеттігін, тиісті органдарға сұраныс жасалатынын жеткізді.

Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар өз өтініштері бойынша толыққанды жауап алып, ризашылықтарын білдірді. Аудан әкімі барлық мәселелер бақылауда болатынын және оларды шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «БАЛА ШЕШЕННЕН-ДАНА ШЕШЕНГЕ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ӨТЕДІ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН ТУРАЛЫ ЗАҢ ШАҺАРДЫ ДАМУҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *