Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде рота мен батальондар сержанттары санатымен командирлік жиындар өтті. Шымкент гарнизонының 10216 әскери бөлімінің базасында өткен іс-шараға жүзден астам кіші командирлер қатысты.
Жиындардың негізгі мақсаты сержанттар құрамының жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығы бойынша сабақтарды ұйымдастыру мен өткізудегі әдістемелік және практикалық дағдыларын жетілдіру болды. Бағдарлама аясында саптық, атыс, тактикалық, медициналық және дене шынықтыру, сондай-ақ әскери топография бойынша сабақтар өткізілді. Жеке құраммен моральдық-психологиялық жұмысқа, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға және әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.
Оқытуды Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің үздік нұсқаушылары жүргізді. Сержанттарды даярлау үшін оқу-жаттығу кешендері, тактикалық алаңдар, тренажерлер мен ату симуляторлары тартылды, бұл оқу процесін қызметтің нақты жағдайларына барынша жақындатуға мүмкіндік берді.
— Кез келген бөлімшенің негізі кіші командирлер болып табылады. Олар тікелей жеке құраммен жұмыс істейді және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындау олардың кәсібилігіне байланысты. Жиындардың басты мақсаты – өз бөлімшелерін тиімді басқара алатын жоғары білікті мамандарды даярлау. Сабақтар барысында қатысушылар дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, әскерлердің жауынгерлік даярлығы мен күнделікті қызметін ұйымдастыру тәжірибесімен алмасты, – деп атап өтті жиынға қатысушы, үшінші сыныпты сержант Фархат Айдархан.
Жиындар қорытынды сынақтармен аяқталды. Олардың нәтижелері бойынша үздік әскери қызметшілер анықталып, жоғары дайындық деңгейі мен көшбасшылық қабілеттері үшін марапатталды.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі
Comments