Ақпан айының 18 мен 20 аралығында Қаратал ауданының әр округін аралап, ауыл тұрғындарына «Мемлекеттік қолдау» шаралары жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл шараның мақсаты – ауыл халқын кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар мен ауыл шаруашылығына қатысты мемлекеттік қолдау механизмдерімен таныстыру.
Түсіндірме жұмыстарын жүргізетін топ құрамында, Қаратал ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Байгазинова Гаухар Нұртайқызы, Қаратал аудандық «Мәнсап орталығы» филиалының директоры Ашықбаев Дархан Тлеуқабақұлы, Қаратал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жұманов Бейсенбі Нұржауұлы, Қаратал аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Саяқбаев Ильяс Маратұлы, Қаратал аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Боқбасаров Әділ Әбенұлы және Жетісу облысы Кәсіпкерлік Палатасының Қаратал ауданы филиалының директоры Төлегенов Мержан Советханұлы бар.
Аталған жұмыс тобы ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін барынша түсіндіріп, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ әлеуметтік қолдау мен жұмысқа орналастыру жайлы барлық ақпаратты жеткізеді. Тұрғындарға жеңілдетілген несие, гранттар, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқу курстары және басқа да мүмкіндіктер жөнінде кеңестер де беріледі.
Ауылдарда өтетін түсіндірме жұмыстары мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көрсету арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Жұмыс тобының өкілдері ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, оларды алдағы уақытта жүзеге асырылатын мемлекеттік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпараттандырмақ.
Қобланды АБЕНОВ
Comments