Тек кейіпкерлерінің аты «ТАНА емес АЙНАГҮЛ, ТАЙЛАҚ емес САККО».
Сакков — жеті баланың кенжесі. Екі ағасы, төрт әпкесі болған. Екі ұлы ұяға, төрт қызын қияға қондырған анасы жуас кенжесі үйленбей қала ма деп уайымдап, іске кіріскен.
Мұның бәрі қалай киноға айналды дейсіз бе? Айнагүл апаның бір қызы режиссер Кәукен Кенжетаевқа тұрмысқа шыққан. Ал ол енесі мен қайын інісінің хикаясын ағасы Шәкен Аймановқа әңгімелеп берген.
«Бір күні Шәкен жолдастарымен біздің уйге келіп, ет жеп, шәй ішіп, масайрап отырып, неше түрлі қызық әңгімелер де айтылып, жайдары отырды.
Сөзден сөз шығып, мен өзімнің енем Айнагүлдің бір әңгімесін айттым.
Енеміз , жолдасы ерте дүние салып, жеті баламен жесір қалған. Тек өзінің етінің тірлігінің арқасында бәрін оқытып адам қылып ел қатарына қосқан. Ұлы ұяға, қызы қияға қонған адам. Жеті баланың төрт қызы тұрмысқа шығып, екі ұлы үйленген.
Бірақ Айнакең сүт кенжем деп кіші ұлы Сакконың қолында қалады. Кейінгі ұлына әкесі Бейсек, Сакко де ат қойған екен. (В честь американских революционеров итальянского происхождения — и это в 1935-37 годы! – авт.)
Сакко басқа балаларына қарағанда бостау, тым жуас, ешкімнің бетіне қарап сөйлеу алмайтын бала. Оны шешесі, «көзімнің тірісінде үйлендірем» десе, Сакко ешбір қызға сөз айту түгілі маңайына жуымайды. «Сен мына қалпыңда, ертең мен өліп қалсам, не болмақсың? Үйленсеңші, сонны көріп кетсем арманым жоқ» деп енеміз зар қағады.
Бірақ Саккода уйленуден хабар жоқ. Оны білген Айнекең, шапанын киіп, белін байлап қолына таяғын алып Сакконы жетектеп жолға, болашақ келін іздеуге шығады. Айнекең ойы «трамвайға, не троллеубусқа мініп, қаланы айнала берсе неге тәуір қыз кездеспес дейсің…» Ол кісі трамвайда жәй қарап отырмай, өзіне ұнаған қыз көрінсе оны жанына шақырып алып: — Қарағым қайда оқисың, басың бос па, қай жердікісің деп сұрақты бере бастайды. Айнекең ойы: «ол қыздың көркемдік жағы жаман болмау керек, ақылды, үлкендерді сыйлайтын болу керек, өзі және Ақмола облысынан болса тіпті жақсы. Міне, осы сын көзден өткен Саккоға әйел бола алады. Кейде трамвайда, я троллейбуста мынадай диалогтар болып жатады:
— Қарағым қайда оқисың?
— Пәлендей института, апа!
— Өте жақсы! Атың кім? Өзің қай жердікісің?
— Орал облысынан едім.
— Ә, айналайын, онда бара бер, оқуыңнан қалма.
Ал, егер Целиноградтан болса, онда Айнакең үйге шайға шақырады!
— Қарағым, біздің үй пәлен жерде. Адресі мынау… Әй Сакко бері кел, бері, неғып тұрсын ол жерде мелшиіп. Мына балаға үйдің адресін айт. Біздің үйдің көшесі не еді? Номері қандай еді? Әй, көк шешек, кел деймін бері! Айналайын, мынау менің балам, басы бос. Жұмысы жақсы… Кел, балам, үйге кел!
Міне, әңгіменің төркіні осы. Кейде қыздар аң –таң қалып үндемей кетіп қалысады, ал кейде жарайды апа , барамыз» , — дейді.
Сонымен Саккоға керекті қыз табылмай Айнакең көп әуре болады. Күніне қаланы бірнеше айналып, трамвайдан да, троллейбустағы қыздардан да әбден күдер үзіп, Сакконы ұрыса – ұрыса үйге келіп жатып қалады. Сөйтсе, Құдай өзі «берейін» — десе оп – оңай емес пе! Көктен іздегені жерден беріп, тап үйдің іргесінде медицина училищесінің қыздарының жатақханасы бар екені Айнакеңнің ойына сарт ете қалады.
Содан Айнакең санын бірақ соғады. «Неғып қара басып бұрын бұл еске түспеген… ә!»
Сонымен енеміз жоспар құрады. Алдымен жатаққананың есік алдындағы күзетшімен танысу керек. Онымен танысып, Айнакеңнің «күрең төбел» шайын бір ішсе, ол достығын аямас…
Айтты болды, Айнакең осыны жасайды. О да бір өзі секілді шайға құмар орыс әйелі екен, Айнакең өзінің білген орысшасымен леп-лезде танысып Дос болып қалады. Ол күзетшіге де жаман болған жоқ, ертеден кещке дейін енеміз жанында отырып әңгімеге жариялайды.
— Знаешь, семь детей есть, все семья… только вот кенже не женат, пойнал?
— Пойнал, пойнал!
— (Ана кісі күлкіге жорып) Пойнал, пойнал.
— Пойнал болса…
— Вот короши девшка надо, пойнал? Целиноград девшка надо, пойнал?
— А нужна девушка из Целинограда?
— Правлно. Целиноград надо, Целиноград. Караши девшка надо, уважайт котори надо, пойнал?
— Понятно, понятно, Чтобы она была из Целинограда, хорошая и Вас уважала.
— Вот молодес, пойнал. Есть такой девшка?
— Конечно есть. Их много тут.
— Мне показать надо, знакомит надо!
— Хорошо. Вот они. Девушки подойдите сюда. Она хочет с вами познакомиться.
— Әй қарақтарым, жақсысыңдар ма? Қай жердікісің? Басың бос па? Оқуыңды қашан бітіресің? Тағы басқа сұрақтар көбейе бастайды. Қарақтарым, мына тұрған біздің үй, келіп шай –пай ішіп кетпейсіңдер ме?! Оқушы болған соң қарыңдарын қайбір тойып жүр дейсің. Келіңдер, жарай ма? Келесіңдер ғой?…
Қыздарға да сол керек қой.
— Ой, апа келеміз, келеміз, ертеңнен бастап.
— Жарайды айналайындар күтем. Және үйде бала бар, сонымен танысасыңдар.
Сонымен қыздар күнде келіп Айнакеңнің жылы жұмсағын жеп, талай әңгімесін естіп, күліп –ойнап тарасып жүріпті. Ал Сакко қыздарға жуй алмай Айнакеңнің жүйкесіне тиеді. «Мынау шешек мына қалпында қатынсыз өтеді, енді бұған не істеу керек? » – деп Айнакең қатты налып жүреді. Таныстарына, ағайындарға түгел хабарлаған. Олардан «қыз таптық» – деген ешбір хабар жоқ.
Не керек аяғында Айнакең ауырып басының сақинасы ұстап, төсек тартып жатып қалады.
Бір күні көзі ұйқыға кетіп бара жатыр екен. Сакконың даусы қатты шыға үйге кіріп келді.
— Мама неғып жатсыз, тұрсаңызшы! Мына келініңді қарсы алмайсың ба? – деген.
Айнакең ойын екен деп, ұйқылы – ояу:
— Әй, көк шешек неме, кет әрі ұйқымды бұзбай. Саған қатын тиюші ме еді!
— Ойбай –ау, тұрсаңшы, көрмейсіз бе, тұр ғой міне, ай мен күндей боп!
Айнакең бір бір көзін ашып қараса алдында бір қыз тұр.
— Апыр – ау, қарағым – ау! Сен қай елдікісің? Қайда оқисың?
Келін Айнакең іздегендей дәл ойынан шығады. Қатты қуанып ағайындарды шақырып, дереу той да жасалынады.
Шәкен бұл әңгімені естігенде қатты күліп, Айнакеңнің қимылына риза болды. Көп ұзамай Шәкен Айманов «Тақиялы періште» атты фильмін түсіре бастады».
Вот так мои папа и апашка стали прототипами главных героев всеми любимого фильма. Я была ее самой любимой внучкой от самого любимого сына – Періште».
Сакко Бейсекұлының қызы Әлия Балапанованың естелігінен….
Қобланды АБЕНОВ
Comments