90 — шы жылдар, Жасталап ауылы… ауыл мектебінің 5 — ші сынып оқушылары, менің класым тарих сабағында. Ұстазымыз Зейнел ағай бүгінгі тарих сабағында ерекше тақырыпты көтерді.
Тақырып — «Отырар қаласы және оның құлауы».
Бұл оқиға 90-шы жылдардағы интернетті білмейтін ауыл балалары үшін соншалықты қызықты әрі маңызды болатын. Барлығымыз тарихтың бұл бөліміне құмартып, оның маңызын түсінуге тырыстық. Тек Ермек үшін емес. Ол далада ойнауды әлдеқайда қызықты санайды. Тіпті, бүгінгі сабаққа да онша көңіл бөлген жоқ.
Зейнел ағай сабақты бастады:
— Балалар, бүгін біз Отырар қаласының құлауы туралы сөйлесеміз. Бұл оқиға біздің тарихымызда ерекше орын алады. Қаланың құлауының себебі не? Отырарды кім сатты? Бұл сұрақтың жауабын табуға тырысамыз.
Оқушылар ағайға қарап, қызығушылықпен тыңдай бастадық. Әдетінше Ермек қана терезеден сыртқа қарап, өз ойында басқа жақта болып отыр. Ол мектеп ауласындағы қармен ойнап жүрген балаларды көріп, көңілі соларда.
Зейнел ағай Ермекті байқап, оған:
— Ермек, сен не ойлап отырсың? Сабаққа көңіл бөлмей, сыртқа қарап отырсың. Отырарды кім сатты, сен кім деп ойлайсың ? — деп сұрады.
Сәл абдырап қалған Ермек:
— Мен емес, ағай! — деп жауап берді Ермек, дауысы да сенімсіз шықты.
Зейнел ағай сәл күлімсіреп, бірақ қатқыл дауыспен сөйледі:
— Ермек, сенің жауабыңды естігенде, мен таңқалдым. Бірақ сенің айтқаның дұрыс емес. Отырарды сатқандар жайлы айтсақ, бұл тарихтың ең ауыр беттерінің бірі. Отырар қаласын жаулап алған Шыңғыс ханның әскеріне қарсы тұру үшін қала ішінен сатқын шықты. Сол сатқындықтың кесірінен қала құлады. Бұл оқиға бізге сатқындықтың қандай ауыр салдарға әкеп соғатынын көрсетеді. Отырар қаласын сатқандардың есімі тарихта белгілі. Олар қала қақпаларын жауға ашып, сатқындық жасады. Бұл қателік көп адамның өліміне және қаланың құлауының себебі болған, — деді.
Бүгінгі өткен тарих сабағы Ермек үшін ерекше әсер қалдырды. Зейнел ағайдың айтқан сөздері оның көкейінен күні бойы шықпай қояды. Отырардың құлауы, сатқындық, Шыңғыс ханның жорықтары — бәрі Ермек үшін жаңа бір әлемге жол ашты. Тарихты тек қана кітаптан емес, оның мәнін түсіну керек екен деп ойлайды. Бірақ сол күні кешке оның басында бір қызық оқиға болды.
Түн. Ермек көзін жұмып, ұйықтауға жатты. Бірақ ол бірнеше сағат бойы төңкеріліп, ұйқтай алмады. Оның ойы күндізгі тарих сабағында болған оқиғаларда болды. Шыңғыс хан, Отырар, сатқындық… Барлығы бір-біріне араласып, Ермекке түсінде біртүрлі көріністерді ала келді.
Түсінде, Ермек өзін шексіз далада, қарашықтай қараңғы түні бойы Шыңғыс ханның армиясының алдында тұрғандай сезінді. Ол қоршаған ортадан ештеңе көрмейтін еді, тек алда тұрған алып тұлғаны сезінді. Ермек басын көтеріп, алдында тұрған адамның көлеңкесін көрді. Ол — Шыңғыс хан! Қасындағы әскери қолбасшылармен бірге, әлемді жаулап алған атақты жауынгерлерімен.
— Сен кімсің, ұлтымның жерін сатқандарды кім қорғады? — деген сұрақтың еріксіз Ермекке келгенін естіді. Оның жүрегі дүрсілдеп, аузына сөз келмей қалды. Шыңғыс хан, Ермекке жақындап оны сынап тұрғандай қарады.
— Менің жауым бола алмайсың. Бірақ сен менің алыс шайқастарымның бірінде болар едің. Ал егер менің жауым болсаң, мен сені қазір өлтіруім керек, — деді ол қатал дауыспен.
Ермек мүлдем абдырап қалды. Ол түсінде не болып жатқанын түсіне алмай, Шыңғыс ханның алдында тұрып қалғандай күйде болды. Ол өзінің батылдығын жоғалтып алғандай сезінді. Оның жүрегі қатты соғуда, тілі байланып қалғандай.
— Сенің кінәң қандай? Сен өз халқыңның жерін қорғауға лайықтысың ба? — деп сұрады Шыңғыс хан тағы да.
Ермек қорқынышпен жауап берді:
— Мен… мен ештеңе білмеймін. Мен тек тарихты оқып жатырмын, бірақ…— деп сөзін тоқтатты.
Шыңғыс ханның көздері қиылып, оның алдында тұрған баланың қателігін көріп тұрғандай болды.
— Тарихты оқып білу жеткіліксіз, ұлым. Тарихты түсіну керек. Егер сен өз халқыңды қорғауға дайын болмасаң, онда сенің өмірің менің қолымда. Сенің тағдырың менің шешіміме байланысты. — деді Шыңғыс хан, Ермекке жақындап.
Ермек не істерін білмей, жүрегі дүрсілдеп, қолдары дірілдеді. Шыңғыс хан өз жебесін алып, оны дәл Ермекке бағыттап тұрды. Ермек өз тағдырын өзгерте алмайтын секілді көрінді.
— Таңдау сенде. Бірақ есіңде болсын, сенің шешімің менің қылышымнан да қатал болуы мүмкін. — деп Шыңғыс хан Ермекке соңғы рет қарады.
Бұл сөздер Ермекке қатты әсер етті. Ол қорқып, бір қадам артқа шегінді. Бірақ дәл осы кезде, ол есін жинап, өзіне сенімді түрде жауап беруге тырысты:
— Ұлы Һаһан, мен өз халқымды қорғауға дайынмын! Мен, ең болмағанда, өз тарихымның қателіктерінен сабақ аламын,— деп айқайлады.
Шыңғыс ханның жүзінде бір сәтке күлімсіреу пайда болды.
— Ендеше, сен тірі қалдың, ұлым. Ал енді, тарихыңды біл, бірақ оны түсініп, болашаққа бағытта. Бұл — нағыз батырлық. Тек күшпен емес, жүрекпен де күресу керек.— деді Шыңғыс хан, өзінің үлкен қылышын көтеріп, Ермекке қарай бағыттап тұрып.
Ермек түсінен оянып кетіп, терең тыныс алды. Оның түсінде көргенінен әлі де жүрегі дүрсілдеп тұр, көзін ашып, өз қателіктерін түсінді. Түсінде болған оқиғалар оған көп нәрсе үйретті. Ол енді тарихты тек мәлімет емес, оның артында тұрған терең мәні бар, тарихты білу жеткіліксіз — оны түсініп, оның сабақтарын өмірде қолдану керектігін түсінгендей. Ол енді тарихтағы ұлы тұлғалары мен олардың тағдыры туралы тереңірек ойланатын болады.
Қобланды АБЕНОВ
Comments