Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ақтауда әуе апаты кезінде көмек қолын созған азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.
Президент «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде зардап шеккен азаматтарды құтқарып, көмек көрсеткен азаматтардың жанқиярлық әрекеттерін айырықша атап өтті.
«Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби деңгейі мен азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетті. Жақын жердегі Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының жұмысшылары бірден көмекке келді. Төңіректегі тұрғындар да зардап шеккендерді құтқаруға атсалысты.
Азаматтарымыздың жанқиярлығы арқасында барынша көбірек адамның өмірін сақтап қалдық. Мен құтқару жұмыстарына қатысқан әрбір адамға шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқының апаттан зардап шеккендерге жанашырлығы мен тілеулестігі азаматтарымыздың жаппай қан тапсыруға асыққанынан да айқын байқалды»,- деді Мемлекет басшысы.
Бүгін, 5 қаңтар күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Президент тапсырмасына сәйкес, Ақтауда Әзірбайжандық Airlines ұшағы апатқа ұшыраған кезде батылдық, кәсібилік пен жауапкершілік танытқан бір топ азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттап, Президенттің Алғыс хатын табыстады.
Салтанатты шара барысында Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен «ҚР Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысының полиция департаменті» ММ маманы-криминалисі Айбек Әлібаев марапатталды.
Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденімен Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі-құтқарушысы Олжас Байтөре,Қорғаныс министрлігі 30153 әскери бөлімі алыс радиомаркерлік пунктінің бөлімше бастығы Ботағарин Нұрлан, Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті Басқұдық ауылы № 12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Серіболат Оңғар, Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Мәрлен Сәркенов марапатталды.
«Құрмет» ордені «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ медициналық пунктінің меңгерушісі Ирина Кочергинаға, «Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы» МКК орталығының меңгерушісі Бақытжан Қойбековке табысталды.
«Ерлігі үшін» медалімен «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Маңғыстау облысы бойынша филиалының көлік жүргізушісі-санитары Қожабек Аллабергенов, Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Жедел құтқару жасағы» РММ құтқарушысы Манас Бағытов, «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемесінің екінші пилоты Естемес Әлішер, «Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы» МКК фельдшері Қисаев Тимур, «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемесінің командирі Құдабаев Асхат, «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Маңғыстау облысы бойынша филиалының фельдшері Құбайдуллаев Заманбек, «ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Апаттар медицинасы орталығы (Астана қаласы)» ММ Маңғыстау облысы бойынша филиалының дәрігері Оразбеков Оспан, «Қазаэронавигация» РМК Ақтау филиалы «Вышка» диспетчерлік пунктінің диспетчері Толстиков Ярослав, «Маңғыстау өңірлік электр-тораптық компаниясы» АҚ Ақтау электр желілер ауданының шебері Шопанов Нұралы марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Маңғыстау облысы бойынша филиалының психологы Есен Жан, «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ қызмет бастығының орынбасары Жұмағұлов Бекболат, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» РМҚК Маңғыстау облысы бойынша филиалының маманы Оразалиев Эльдар марапатталды. Сонымен қатар 51 адамға Президенттің Алғысы табысталды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қиын сәтте жедел көмекке келіп, жәрдемдескен жандарға алғысын білдірді.
— Сын сағатта жедел әрекет етіп, өзгелердің өмірін құтқаруда асқан батылдық пен адамгершілік таныттыңыздар. Сіздердің еңбектеріңізбен ерліктеріңіз – өңіріміздің ауызбіршілігінің, азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Comments