Жаңалықтар

ТАҒЫ ДА ЖЕЛТОҚСАН АЙЫ… 

Ия, тағы да желтоқсан, тағы да қаһармандарымызды, осы күнді көре алмаған боздақтарды еске алатын мұңлы сəт. 1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды да қаһарлы империядан сескендірмеген күш те осы азаттыққа деген аңсау екені сөзсіз. Желтоқсан оқиғасы ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан көтеріліс болды. Желтоқсан оқиғасының шығу себебін еске түсіре кетсек артық болмас…

1986 жылы 16 желтоқсанда небәрі 18 минутта өткен, Қазақстан Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Діңмұхаммед Ахметұлы Қонаевты «өз еркімен» қызметінен босатып, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ В.Колбиннің «сайлануы» болды.

Ертеңіне 17 желтоқсан күні орталық алаңға лек-легімен ағылған жастар тобы бейбіт шеру арқылы орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына наразылық білдірді.

«Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа-өз көсемі!»,«Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!» деген ұранмен, «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шықты. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениеттің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды талап етті. Бірақ 17-18 желтоқсандағы Брежнев алаңындағы қазақ жастарының бейбіт шеруі қанды оқиғаға айналды.

Оларға «Ұлтшыл, маскүнем» деген кінә тағылды. Жазушы Манаш Қозыбаев 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін сырлы құбылыс деп бағаласа, ҚР экс президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде: «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетеді. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді» — деп бағалайды.

Әрбір елдің тәуелсіздік алған күні — есте қалар ерекше сәті екені сөзсіз. Біздің елдіңде тәуелсіз болып жарияланған күні, ата — бабаларымыздың арманы орындалған ерекше күн яғни 16 желтоқсан. Тарихты адамдар жасайды, одан тағылым алу да адамдар үшін керек. Желтоқсан қазақ тарихының шерлі де қасиетті беттерінің бірі болып мәңгілікке қала бермек.

Қобланды АБЕНОВ

ТҮРКІСТАНДА «ÓZGEEPIC» КРЕАТИВ ХАБЫНЫҢ РЕСМИ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Алдыңғы

ТӘУЕЛСІЗДІК…

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *