Боямасыз өмір
Мен онымен ойламаған жерден кездесіп қалдым. Аздап қызулау екен. «Гүлжан» аялдамасынан жұмысқа қарай асығып бара жатқам, спорттық қалпағын басыңқырып киіп алған ол мені көрді де жалт тоқтады. «Әй, тілші бала» деді де артынша жуып-шайған болып: «бала» дегеніме өкпелеме, мен осылай өзімнен кейінгілердің үстінен қарап сөйлегенді жақсы көрем» деді.
«Тілші бала, әй тілші бала!
Біздің де жағдайды бір білші бала.
Біздердің де айтарымыз бар шығар-ау,
Айтарым бар құлағыңа ілші бала» деп ұйқасы келіп тұрған соң бірер шұмақты осылай «ұрып» кеп жіберді.
Сәл қызулау көрінген «көкенің» сөзіне алғашқыда онша мән бермедім. Өлеңші қауымды өзімізше іш тартып тұратын әдетпен аздап тыңдаған болдым. Айтып тұрғаны әзіл емес сияқты. Өздерін қоғамның өгей баласы санайтын олардың да өзіндік қызығы бар көрінеді. «Бүгін ауылдағы қызымның туған күні еді. Соған «акацияға» бара жатырмын, торт алайын деп. Қазір сағат төртте үйге жаяу әскерлер келеді. Мынадай отырыс болады» деді ол бас бармағын шошайтып.
Барғым-ақ келіп тұр. Әттең, жұмыспен қабаттасып тұрғанын қарашы. Оның үстіне атүсті айталған жерге елпілдеп жетіп бара берсек… қалай болады екен?
Сөзін тағы бір-екі шұмақпен шегелеген ақыным «жарайды, барғың келмей тұр ғой. Бірақ біз туралы бір жазуыңыз керек» деді де екі қолын қалтаға басқан күйі асығып кетіп бара жатты.
Шымкенттегі ең арзан пәтер «зеленный балкада» екенін естігеніміз бар. Сондай-ақ, қырғы базар мен қошқар ата өзенінің ортасындағы кепе үйлер де қолжетімді. Сол маңдағы үйлердің бірін паналайды екен. Ауылда екі қолға бір жұмыс табылмаған соң осындағы арзан пәтерді жалдап, сабын шығаратын цехта жұмыс істеп жүргенін айтқан.
Арадан бірер апта өткенде сол «ортаның» отырысына қатысудың сәті түсті. Жас шамасы әр келкі болса да әзілі жарасқан орта ешкімді жатсынатын емес. Төрде «пахан» отыр. Асаба да бөтен емес, әлгінде көшеде кездесіп, кейіннен осы отырысқа келуімізге себепші болған жігіт ағасы дастарханды жағалай отырған үлкен-кішіні әзіл сөзбен әспеттеп, өлең сөзбен өрнектеп таныстырып шықты. Әр қайсысының кәсібіне, мінез-құлқына қарай бүркеншік аттары бар екен. «Шопыр», «Ұста», «Оқымысты», «Үлек», «Дәуқоян» деп кете береді. Оған өкпелеп жатқан ешкім жоқ, қайта өзінің «кличкасы» аталғанда жалт қарайды. Және бір-бірін айтқызбай ұғынысатынын айтсайшы, «оқымысты» соңғы айларда болған елеулі оқиғаларды сөз етсе, «ұста» болған оқиғаларға байланысты өз ұстанымын білдіріп өтті. Ал «шопыр» баппен бокалдарға су құйып шықса, «асаба» әдеттегідей жолымен, жөнімен сөз беріп қояды. Зыр шүгіріп, қызмет етіп «малыш» жүр.
Қысқасы, бұл ортаға бүгін қосылсам да өзімді еркін сезініп отырмын. Ара-арасында жігіттер жағы (күйеуіне еріп келген бір-екі келіншек болмаса, қалғаны кіл еркектер) сыртқа шығып, темекі шеккен боламыз. Тағы бір байқағаным, топырлап жүрген еркектің басым бөлігі – бойдақ. Жасы бар, жасамысы бар… Бір-бір үйге басшылық етіп отыратын жаста бұлайша жалқы жүрген «жігіттердің» бұл жүрісі жаныма батса керек, көкейдегі сұрақты іркіп қала алмадым.
«Қайбір жетіскеннен жүр дейсің, әр қайсысымыздың өзімізге лайық өміріміз, өзімізге тән тағдырымыз бар, – деп сөз бастады Пахан. – Мысалы мен өз отбасымнан безіп кеткен адаммын. Алты ай ауырдым. Бір күнде кіндіктен төмен қарай сал болып қалдым. Обалы не керек, әйелім қаратып-ақ бақты, бірақ нәтиже болмады. Күні бойы жұмыста жүріп, түні бойы мені жуындырып-шайындыратын келіншегім, қанша дегенмен пенде емес пе, даусы қаттырақ шығатын болды. Кезінде көкірегін ешкімге бастырмаған «сорлы» басым әйелдің сөзін көтере алмадым. Балаларым ғой менің кім болғанымды көрді, ал немерелерімде «атамыз сорлы біреу еді, біз қайда барып оңаламыз» деген ой болуы мүмкін ғой. Одан да «өлігімді» көрсетпейін деп осында келдім. Үйді де, бала-шағаны да тастап… Бұрын базарда тәшкі айдап жүріп танысқан достарым бар еді, соларды паналадым. Көрер жарығым бар екен, көп ұзамай аяққа тұрып кеттім. Екі ұлым бар, біреуі де ат ізін салған емес. Егер осы екі ұлымның орнында бір қызым болғанда іздеп келер ме еді» деп ауыр күрсінді.
Ауырғаны өзіне сабақ болса керек, Орекең сол күннен бастап мүлдем басқа адам болып оянған. Бұрын-соңды адам емдеп көрмеген ол бүгінде қолы шипалы емші. Алдына барған талай адамды ауруынан құлан-таза айықтырып жіберген көрінеді. Ақысына пәлен бересің деп табандап тұрып алған да жері жоқ, қанағатшыл. Тапқаны пәтер ақысы мен күнкөрісіне жетсе болды.
Неге екенін, көз алдыма бірінің ізін бірі жалғап кете беретін лашық үйлер мен сол үйлерге апаратын ирелеңдеген көшелер елестеді. Мұндағы көшелер де құдды өз иелерінің тағдыры сияқты мың тарау. Ұзақа бармай тұйыққа тіреле береді. Анадайдағы лашық үйден әдемі әуен естіледі. Гитарасын қолына алып, әуелетіп ән салған «асаба» бар өнерін көрсетіп әлек. Әуенінен қайтсам көпшіліктің көңілін көтеремін деген шынайылық сезіледі. Өздерін қоғамның өгей баласымыз дегені болмаса, тым еркін. Көңілді отырыс, шынайы сыйластық. Әңгімелері де астарлы, әзілдері де жарасымды. Жаңа жылдық кешті бұдан да қызық етіп өткіземіз деп қояды. Мүмкіндік болса тағы да келіп, қонақ болып кетуге шақырды. Басқаны қайдам, өз басым «өгей балалар» өткізген кештен керемет әсер алып қайттым. Нағыз өмір осында сияқты. Аста-төк дастархан да, қыруар қаржыға келген салют та жоқ. «Пәленше ыржиғанда, сен күлуің керек» деген қасаң қағыда да мұнда жүрмейді. Тек қызық бар. Жаңа жыл да таяп қалды, бәрін қойып сол ортаға, жаныма жақын отырысқа тағы бір барып келсем бе екен?!
Аманбек ЖАЙЫМБЕТ
Шымкент қаласы
Comments