«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Мейіржан Жалайыров мәлімдеді.
«Акция аясында Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар жолдар бойынша «Қазавтожол ҰҚ» АҚ облыстық филиалы, облыстық маңызы бар жолдарда басқармадағы «Оңтүстік жолдары» мекемесі тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерінде тазалық шаралары атқарылды. Тарқата айтсақ, 65 679 ағаш әктеліп, 32 74 құраған тал кесілген. Сондай-ақ, 2 963 тонна қоқыс шығарылып, 5 407,9 шақырым көше бойлары мен 811,5 шақырым аяқ жолдар тазаланды. Одан бөлек, 42,8 шақырым ирригация жүйелері тазаланды. Аталған жұмыстарға жалпы 542 арнайы техника мен 14 600 жұмысшы жұмылдырылған»,- деді Мейіржан Серікбайұлы.
Брифингке қатысқан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов «Таза Қазақстан» шарасы аясында өңірде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп, аудандық, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары өз аулалары мен іргелес аумақтарында ауқымды сенбіліктер өткізгендігін айтты.
Бұдан бөлек, брифингте облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Исатаев Ержан басқармаға қарасты Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі жұмыс тобы құрылғандығын мәләмдеді. Сондай-ақ, аудан-қаладағы зияратшылар мен туристер көп баратын 28 нысанның инфрақұрылымы, тазалығы мен сервистик қызметтеріне мониторинг жұмыстары басталғандығын айтты.
Сонымен қатар, облыстық аумақтық инспекциясының тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Мейірхан Смағұловтың айтуынша, облыс аумағындағы мал сою орындарына тексеру жұмыстары қарқынды жүргізілетіндігін айтты.
Айта кетейік, бағдарлама басталғаннан бері сенбіліктер мен тазалық жұмыстарына 300 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1 500-ден астам техника жұмылдырылған. Нәтижесінде, 1 милионға жуық тал отырғызылып, 3 389 тонна қоқыс шығарылған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Comments