Соңғы жылдары «Тасөткел» су қоймасынан Шу өзенінің төменгі арнасына экологиялық су тастау жүйесінің бұзылуы созақтықтарды алаңдатқан өзекті мәселенің біріне айналды. Бұл күрделі мәселенің күрмеуін түбегейлі тарқату мақсатында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен бірге су арналарын аралап, жергілікті тұрғындармен кездестік.
Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында Су шаруашылығы комитеті және «Шу-Талас» бассейндік инспекциясы мамандарының, аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен мәжіліс өткіздік. Алқалы жиында ұсыныстар талқыланып, Шу өзенінің Созақ ауданы бөлігіндегі аңғарларын қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ету үшін нақты міндеттер белгіленді.
Министр “Фурманов” су торабынан Созақ ауданына арнайы қазылған 120 шақырым айналма су арнасының жағдайына қанықты. Кеңесті кездесулерден кейін Нұржан Нұржігітов су арнасының құрылымын қалпына келтіру үшін қажетті құжаттарды тез арада рәсімдеп, жолдауды тапсырды.
Өзенді бойлай жайғасқан елді-мекендердің негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Ал, дайындалатын мал азығы — жайылатын өзен суына тәуелді. Көптің көңілін күпті еткен бұл мәселе — облыс әкімінің тұрақты бақылауына алынған. Мамандармен келісілгендей, Шу өзенінің суы қажетті мөлшерде аудан аумағына ақпан айының соңына дейін жеткізіледі.
Өздеріңізге белгілі, Теріскейдің несібесі — төрт түлікпен толысады. Сондықтан, малының тұқымын аздырмайтын, өрісін тоздырмайтын барлық мүмкіндік қарастырылып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады.
Comments