ЖаңалықтарҚоғамМәдениетРуханият

ТҮРКІСТАНДА «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Биыл Түркістан облысының бас газеті «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің шыға бастағанына 100 жыл толып отыр. Бүгін облыс орталығында қарашаңырақ басылымның ғасырлық тойы аталып өтті. Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі — Баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын газет басшысы Абай Балажанға табыстады. Сонымен қатар бірқатар журналистер Президенттің алғыс хатымен марапатталды.

Ауқымды шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Парламентінің Сенат депутаты Алишер Сатыбалдиев және ҚР Парламентінің Мәжіліс депуттаты Ұласбек Сәдібеков, басылымның тарихында қолтаңбасы қалған ардагер қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен қаламы қарымды журналистер қатысты.

– Сіздерді бүгінгі мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! «Оңтүстік Қазақстан» газеті – өзіндік тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Қазақ журналистикасындағы жүйріктер мен ақиық ақындар, көрнекті жазушылар, қоғам қайраткерлері осында қызмет етіп, түлеп ұшты. «Газет– халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтқандай, облыс айнасына айналған газетіміз қоғамға қызмет ету міндетін абыроймен орындап келеді. Жаңа дәуірі басталған, Жаңарған Түркістанның жаңашыл бағытын жұртшылыққа жеткізіп жүрген қарашаңырақ басылымға деген құрметіміз жоғары. Оқырмандарыңыз көп, қаламдарыңыз қуатты, әр күндеріңіз шуақты болсын! – деген облыс әкімі шығармашылық ұжымның бірнеше өкілін марапаттады. Сондай-ақ газет ұжымына жеңіл автокөлік табыстады.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев басылымның журналистерін ҚР«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет граматосымен және алғыс хатымен марапаттады. Арнайы қатысқан құрметті қонақтар ізгі лебізін білдірді.

Мерейлі күнге орай бірнеше іс-шара жоспарланған. Күні кеше облыс орталығындағы «Жібек жолы» саябағында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің аллеясы ашылды. Оған өңірдің зиялы қауым өкілдері мен газет редакциясының ұжымы қатысып, 100 жылдық мерейтойға орай 100 түп көшет отырғызды. Ал бүгін «Оңтүстік Қазақстан» – тарих толқынында» атты ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Онда журналистиканы дамыту жолдары, тың идеялар айтылды. Сонымен қатар газеттің тарихынан сыр шертетін фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды. Әрі қарай салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Онда облыстың өнерпаздары жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Басылым жолы Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұлов сияқты қайраткерлер негізін қалаған «Ақжол» газетінен бастау алады. Бұл газетте қазақ руханияты мен журналистикасына еңбек сіңірген қаламгерлер мен журналистердің, ел жанашырларының қаламының ізі қалған. Оңтүстік журналистерінің қасиетті қарашаңырағы қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сара саясатын елге кеңінен түсіндіріп, Түркістан өңірінің дамуына үлес қосуда. Газет ұжымы тек журналистикамен шектелмей, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бастамашы болып жүр. Оған дәлел ретінде қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің дәстүрлі турнирін, жас жыршылар байқауын айтуға болады.

Айта кетейік, бір ғасырда «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 30-дан астам білікті журналистер редакторлық етті. Солардың арасында редактор Әсет Тілеукеев, Әмірсейіт Әлиев, Кәрім Үкібаев, Анар Бәкірова сынды қайраткер тұлғалар газет тарихында қалды.

Бүгінде 21 мың 650-ші саны жарық көріп отырған басылым Оңтүстік аймақ қана емес, еліміздегі тарихи газеттердің бірі болып саналады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ТҮРКІСТАНДА «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

Алдыңғы

ЖОЛДАУ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР КӨП

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *